RU

Қазақстанда су қоймаларының басым бөлігі жекеменшікке айналған

Елімізде Көкпектідегі орын алған төтенше жағдай жекеменшік су қоймаларын мемлекет қарамағына алу керектігін аңғартты. Осы жайында мамандар өз пікірлерімен бөліскен еді.

Ғазиза Түсіпбекова, гидрогеолог маман: Қазақстанда 365 су қоймасы бар. Оның 66-сы мемлекет қарамағында болса, қалған 142-сі жекеменшікке берілген. Ал 157-сі коммуналдық иелікте.

Енді мына деректерге назар аударыңыз, осы 365 су қоймасының 77-сі қараусыз қалған. Су бөгендерінің барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал апатты жағдайдың орын алуына себеп болған Қызылағаш су қоймасын қазірде мемлекет қарамағына алынып, қойма биыл толық жөндеуден өтуі тиіс.

Енді Көкпектідегі жағдайдан кейін де ондағы су қоймаларының ахуалы толық тексерілуден өтіп, қойма мемлекет иелігіне алынуы керек деп ойлаймын. Осылайша жекенің қолындағы су тоғандарын біртіндеп мемлекет қарамағына алу ісіне кіріскеніміз абзал.

Жекеменшік қожайынның қолындағы 142 су қоймасының талапқа сай, сапалы жұмыс істеп тұрғанына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан тоғандарды мемлекет өз еншісіне алуы тиіс.

Марал Төртенова, экономист-сарапшы: Жалпы, стратегиялық нысандар мемлекеттің қарамағында болуы қажет. Аңдасақ, кез келген елде стратегиялық маңызы бар нысан тек қана су қоймасы емес. Электр жүйелерін өндіру, тасымалдау және тағы басқа нысандар стратегиялық нысандарға жатады. Ал біздің елде қазір мұның барлығы жекенің қолына өтіп кетті.

Бір ғана электр энергиясы жөнінде айтар болсақ, меншік иесі тарифтерді қалауынша өсіреді. Неше түрлі сылтау айтып электр энергиясын үзіп те тастайды. Тіпті былтырғы жылы Шығыс Қазақстан облысында энергияны бермеу фактісі болды. Соның салдарынан балабақша, мектеп, ауруханалар, перзентханалар жарықсыз қалып қойды.

Аурухана, перзентханаларға электр энергиясы берілмей, кезек күттірмей жасалуы тиіс оталар дер кезінде жасалмады. Жылу мен жарықтан бес минуттық үзіліс болғанның өзі орны толмас өкінішті жағдайлар орын алып жатады.

Су қоймаларында судың бей-берекетсіз сақталуы, меншік иесінің қоймалардың сапасына, ондағы судың шамадан тыс ернеуінен асу қаупіне алдын-ала назар аудармауы бүтін бір аймақты су астында қалдырып жатыр.

Сондықтан мұндай мәселеге Үкімет тарапынан қатаң шаралар қолданатын кез жетті. Жекеменшік су қоймаларын мемлекет иелігіне алуы керек. Бұл - кезек күттірмейтін мәселе.

Дәурен Арын, заңгер: Техникалық қауіпсіздігі нашар немесе қаражаты жоқ меншік иелерінің су қоймаларын мемлекетке өткізуді міндеттеу керек. Қызылағаштағы апаттан кейін ғана ол аймақтағы су қоймасы мемлекет меншігіне өтті.

Ал енді сонда біз адам шығынын, мал шығынын тағы басқа қомақты шығындарды шығарып, апатты жағдайдың орын алуын тосып отыруымыз керек пе?

Қызылағаш апатынан сабақ алатын болсақ, дереу арада елдегі иесіз жатқан су қоймалары және жекенің қолындағы су қоймалары мемлекет иелігіне алынуы тиіс.

Биыл Қызылағаш оқиғасына тұп-тура төрт жыл болды. Осы аралықта елдегі су тоғандарының 80 пайызын мемлекет еншісіне алуға болатын еді. Бұл мәселеде бейқамдық танытуға болмайды.

Егер біз экономикалық тұрғыдан әлеуеті мығым, әлеуметтік ахуалы нақтыланған өркениетті жұрт болғымыз келсе елдегі мемлекеттік стратегиялық маңызы бар, дегенме, жекеменшіктік қолына өтіп кеткен нысандарды мемлекет қайтара өз қарамағына алғаны жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/308179-kazakstanda-su-kojmalarynyn-basym-boligi-zhekemenshikke-ajnalgan.html