RU

Ольга Шишигина мектептегі дене шынықтыру сынағына шүйлікті

Дене шынықтыру даярлығы бойынша еліміздегі Президенттік тест нормативтері тым жоғары екені мәлім болды.

Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында депутат Ольга Шишигина осылай мәлім етті.

"Ең бастысы - бұл Президенттік норматив тестілер көрсеткішінің жоғарылығы, осыған қатысты мен Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің алдында бірнеше мәрте мәселе көтерген едім. Олардың ұсынып отырғандары - шамадан тыс жоғары нормалар", - дейді Шишигина.

Қазақстанға спортпен шұғылдана бастайтын қалың бұқара керектігі сөз болды. Ең алдымен соларды дене шынықтыруға тартып, әрбір адам осы нормативке жақындай алатындай мүмкіндік қарастырылуы керек.

"Түптеп келгенде, бізге мектеп оқушылары үшін Президенттік тест нормативтерін төмендету керек. Спортта нәтиженің соңына түсіп қуа бермей, оның бұқаралық сипатын арттырған ләзім", - деді депутат.

Бұл ретте депутат Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің бекіткен нормативтері шынайы еместігін алға тартып, соңғы үш жылдағы қазақстандық мектептердің спорттық жетістіктерінің Президенттік тест нормативтерімен салыстырмалы статистикасына назар аударды.

Мәселен, оның айтуынша, ұлттық деңгейде 4-сынып оқушылары 30 метр қашықтықты 5,4 секундта жүгіріп шығуы тиіс. Ал шын мәнінде 4-сыныптың ұл балалары үшін жақсы нәтиже 5,8, ал қыз балалары үшін 6,3 секунд болуы керек еді.

9-сынып оқушысы Президенттік тест нормативіне сәйкес, 60 метрді 8,2 секундта жүгіріп шығуы керек болса, шынайы көрсеткіш - 15 секунд. Қыз балалар бұл қашықтықты 15,3 секундта жүгіріп шығады, Президенттік норматив - 9,2 секунд болып тұр.

Еске сала кетейік, Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен отырыста еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/308210-olga-shishigina-mekteptegi-dene-shynyktyru-synagyna-shyjlikti.html