RU

Қазақстанда жасалған автокөліктер Ресей нарығына шығады

Биыл қазақстандық автокөлік саласының өнімдері Ресей нарығына шығады. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мәлімдеді.

"Бізге Ресей нарығына шығу мүмкіндігі пайда болды. Себебі, жуырда ғана Ресеймен автокөлік өнеркәсібі саласындағы келісімге қол жеткіздік. Енді "Азия Авто", "Сарыарқа Автопром" және "Астана моторс" сияқты компанияларымыз Ресей нарығында бақ сынайды", - деді Ошақбаев.

Өткен жылы Қазақстанда құрастырылған "Hyundai" 2500 автобусы Ресей нарығына шықты. Автобустарға Ресей тарапынан сұраныстар артуда

Айта өтейік, елімізде Өскемен, Қостанай және Алматы қалаларында көлік құрастыру зауыттары жұмыс істейді. Осы саладағы өндірістің көлемі соңғы 3 жылда 20 есе көбейген. 2012 жылы 20 мыңнан астам, 2013 жылы 30 мыңға жуық көлік құрастырылды. Оның ішінде 2012 жылы 200-ге жуық автобус, 2013 жылы 300-ден астам автобус құрастырылды.

Ал, мемлекеттік статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы елімізде 1816 жүк көлігі құрастырылған (2012 жылмен салыстырғанда 14,1% артық). Енді қазақстандық автоөндіріс саласы Ресей нарығына өнім ұсынса, бұл көрсеткіш еселене түсері анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/309578-kazakstanda-zhasalgan-avtokolikter-resej-narygyna-shygady.html