RU

Ақтөбеде операциядан кейін екі жасар баланың басы ісіп кеткен

Ақтөбеде операциядан кейін басы күп болып ісіп кеткен бүлдіршін 1 жарым жылдан бері сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Жан-жаққа апарып көрсетуге ата-анасының қалтасы көтермейді.

Ал жергілікті дәрігерлер әлі екіге де толмаған сәбиге көмектесе алмай, ақыры науқасты балалар үйіне тапсыруға кеңес берген, деп хабарлайды КТК арнасы.

2 жасар Ариана Сағитжан үнемі осылай тыным таппайды. Операциядан кейін күні-түні шырылдап жылап, ата-анасының қолынан түспейтін болған. Басындағы күптей ісікке жұмсақ жастықтың өзі ауыр тиеді.

Бөбектің денсаулығы қырқынан шыққан соң күрт нашарлапты. Дәрігерлер ұйыған қанды алу үшін басына операция жасу керек деп шешкен. Кейін пышақ тиген орын ісіп, миы суға толған. Сал болып қалған сәбидің аяғы да екіншісінен қысқа.

Ариананың осы күйге түскеніне бір жарым жыл. Осы уақыт аралығында ата-анасының Ақтөбеде бармаған дәрігері жоқ. Ақыры жақында баланы бақылауына алған невропотолог оны сәбилер үйіне тапсыруды ұсыныпты.

"Шыдамдарың жетпесе тапсырып тастаңдар олай болса дейді. Оны қалай тапсырасың? Олардан көмек сұрап тұрсақ. Он жыл дегенде тапқан қызым. Күн-түн ұйықтамайды. Қолымыздан түсірмейміз. Шамалары келсе көмегі болса деп", - дейді Ариананың анасы Раушан Табынбекова.

Сәбидің ата-анасы Аринаны Астанадағы нейрохирургия орталығына апарып көрсеткісі келеді. Бірақ жергілікті мамандар оған да квота бөлмей отыр екен. Денсаулық сақтау басқармасындағылар бір жарым жылдан соң ғана сал болған сәбидің жағдайын енді қарастыратындарын айтты.

"Балада - патология, жергілікті жерде көмек көрсетуге мүмкіндік болса, толық ем осы жерде жасалады. Егер бізде мүмкіндік болмаса онда Астана қаласындағы нейрохирургия орталыққа жібереміз. Аналары шетелге жіберу мәселесін сұрап отыр. Ол мәселе Денсаулық сақтау министрлігінде шешіледі", - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қалиев.

Аринаның ата-анасы шалғай аудандардың бірінде тұрады. Жалғыз қыздарын аман алып қалу үшін шетелде емдетсек деп армандайды. Бірақ оған мүмкіндіктері жоқ.

Бүлдіршіннің ата-анасының облыс орталығына жиі қатынауға қалталары көтермейді. Себебі күзетші болып істейтін отағасының жалақысы ас-суынан арылмайды. Сондықтан көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Денсаулық сақтау басқармасының басшылары жедел жәрдеммен шұғыл Ариананы облыстық балалар ауханасына алып кететіндіктерін жеткізді. Ал сәбиді жетімдер үйіне тапсыруға кеңес берген маман өз жазасын алады деп сендіріп отыр. Оның ісі арнайы комиссияның отырысында қаралмақшы екен.

Қазақ тіліндегі басқа да ел және әлем жаңалықтарын оқыңыздар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/309658-aktobede-operacziyadan-kejin-eki-zhasar-balanyn-basy-isip-ketken.html