RU

Қазақстан ғалымдары қазақша бұйрықтарды орындай алатын робот жасамақ

Қазақстан ғалымдары қазақша бұйрықты орындайтын робот техникасын жасамақ. Жаңа техника қазақша бұйрықтарды орындап, қазақша бұйрық бере алатын болады.

Бұл туралы Ақпараттық және есептеу технологиялар институтының робототехникалық жүйелер үшін компьютерлік көру мемлекеттік бағдарламалау бөлімінің жетекшісі Еділхан Әмірғалиев айтты.

"Қазіргі таңда біз институт шеңберінде робототехниканың қазақ тілінде берілен тапсырмаларды орындап әрі сөйлеуін қамтамасыз ететін арнайы бағдарламалық жабдықтау, работотехникалық жүйелер жасау үстіндеміз. Олар үй шаруасында, әскери бағытта, өндірісте, ғылыми-ағартушылық бағытта қолданысқа ие болады. Мұндай техникалар арба, конвейер, машина, мобильді платформа түрінде жасалады", - деді техника ғылымдарының докторы Еділхан Әмірғалиев.

Қазір роботтың сыртқы қабатын әзірлеу үшін автотюнингтік компанияларға тапсырыс беріліп қойған. Ақпараттық және есептеу технологиялар институтының бас директоры Мақсат Қалимолдаевтың айтуынша, әр техниканың құны 20 мың долларға бағаланады.

"Ондай техниканың бағасы Оңтсүтік Кореяда 40 мың доллардан асады. Алайда, ол робот істен шыққан жағдайда біз ішкі бағдарламасын ашып, жөндей алмаймыз. Ал қазақстандық роботты ашып, ішкі бағдарламасын ретке келтіріп, жөндеуге болады. Ол арзанға түседі", - деді аталмыш институт басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/310076-kazakstan-galymdary-kazaksha-byjryktardy-oryndaj-alatyn-robot-zhasamak.html