RU

"Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық" ұғымы заңмен бекітілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Тоқтала кететін жайт, қолданыстағы аталған кодекс 2009 жылы қабылданған болатын. Бұл құжат халық денсаулығын сақтаудың барлық қырларын қамтиды деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары агенттігі.

"Алайда, қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында жаңа тәсілдер айқындалып, қоғамдық қатынастарды дамытудың жаңа деңгейі де белгіленіп отыр. Соған орай, заңнамалық базаны жетілдіру қажеттілігі туындады", - дейді Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова.

Осыған орай, заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы заңнамалық олқылықтарды жою, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, сонымен бірге, толымды медициналық қызмет көрсетуге азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.

Министрдің айтуынша, заң жобасы бойынша бірқатар маңызды мәселелер қамтылып отыр. Сонымен ішінде, ұлпалар мен органдарды ерікті және ақысыз беруді қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.

"Бүгінгі күні елімізде науқасқа ағза алмастыру белсенді түрде дамып келеді. Осыған орай, трансплантация үдерісін жетілдіру мақсатында, сонымен қатар, донорлар мен олардың клиенттерінің құқығын қорғау мақсатында гемопоэтикалық тін жасушыларын транспланттауды реттеу мәселесі қарастырылып отыр. Оның ішінде тірі донордан ұлпа немесе органды алу тек қана оның жазбаша нотариалдық куәландырылған келісімімен жүзеге асатыны нақтыланады. Ал гемопоэтикалық тін жасушаларын алуға ондай нотариалдық куәландырылған келісім талап етілмейді", - дейді Салидат Қайырбекова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/310164-kajtys-bolgannan-kejingi-donorlyk-ygymy-zanmen-bekitildi.html