Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында бүтін бір ауылды су басты

Опубликовано:

Жамбыл облысында да бүтін бір ауылды су басып қалды. Қызыл су өзен-көлден емес, жер астынан шығып жатыр.

Екі айдан бері тоқтаусыз көтерілген су қазірдің өзінде тізеден асқан. Қорадағы төрт түлігі қырыла бастаған тұрғындар үйлерін де тастап, көрші ауылдарда жан сақтауға мәжбүр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Су ортасында қалған Бетқайнар ауылында үйлердің сау-тамтығы жоқ. Қабырғасы қақырап, ішіне дейін су көтеріліп жатыр. Тұрғындар екі айдан бері қызыл судың бетін қайтара алмай, ақыры малым жанымның садақасы деп дүние-мүліктерін тастай қашыпты. Тек бірен-сараңы сағат сайын көтерілген сумен әлі жеткенше алысып жүр.

"3 баламды төркініме жібергенмін. Ауруханадан шықтық жақында. Мына суықта ауырып қалады балалар. Білмеймін енді не болатынан өзі жақында ғана соғылды 4-5 жыл болды үйіміз. түнімен де, күнімен де су тартамыз, насоспен сағат сайын", - дейді Бетқайнар ауылының тұрғыны Гүлбахар Қасымова. 

Резеңке етік қазір мұнда қат. Ал азық-түлікті көрші ауылдардан алдырып жүр. Өйткені, бақшадағы көкөніс енді жоқ. Көкөніс тұрмақ, тұрғындар қорадағы малынан айырыла бастаған.

"Мал тұра алмайтын жерде адам да тұра алмайды ғой. Есік алдымыздың бәрі осы, туалетімізге дейін осы. Осындай жағдай бізде", - дейді ауыл тұрғыны Индира Несіпбаева.

Шенеуніктер де суды қайтармақ боп шапқылап жүр. Дренажды канал қазып, ағызып жібермек болған. Бірақ, ол әрекеттен де түк шықпапты.

Бетқайнар ауылының әкімі Елужан Мақұлбаевтың айтуынша, 400 метр тоспалы канал жасатылған. Бірақ та өкінішке орай, биылғы жылғы судың көлеміне көптігіне байланысты, тоспаға су сыймай, су сыртқа шығып, бірнеше үйді су басып қалды.

Ал әзірге әкімдіктегілер шығынның мөлшерін есептеп әлек. Айтуларынша, су басқан әрбір үйге өтемақы тиесілі екен. Жер астынан көтерілген судың деңгейі түспейтін болса, ауыл тұтастай сүрілуі де мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/312222-zhambyl-oblysynda-bytin-bir-auyldy-su-basty/

pixel