RU

Қазақстан, Ресей және Украина киногерлері бірігіп мистикалық фильм түсірмек

Қазақстан, Ресей және Украина киногерлері мистикалық жанрда "Тозақ сақшысы" атты фильм шығармақ, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.

Жұмысқа жұмыла кіріскен ресейлік, украиндық және қазақстандық кино майталмандарын көргенде өнерде ғана шекара болмайтынына көзің жетеді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Осыдан бір жыл бұрын Карина Сәрсенованың кітабын ұзақ сапарға аттанар алдында сатып алған украиндық режиссер Любомир Левицкий романның алғашқы бетін ашқаннан соңына дейін қалай оқып шыққанын байқамай да қалыпты.

"Мені қызықтырғаны - шығарманың қазіргі шоу-бизнесте болып жатқан шытырман оқиғалар негізінде құрылғаны. Өзім 5 жылдай бейнебаян түсіріп, жарнама жасап, белгілі продюсерлермен жұмыс істегендіктен бұл әлемде нендей қызықтар болатынын білемін. Карина Сәрсенова сол оқиғаларды мистикалық тұрғыда баяндай білді", - дейді украиналық режиссер Любомир Левицкий.

Фэнтэзи, триллер, детектив жанрларында коммерциялық фильм түсіре білуімен танылған режиссер Карина Сәрсеноваға хабарласып, жаңа фильмге сценарий жазуды ұсынады. Нәтижесінде адамзатты ежелден толғандыратын Жақсылық пен Жамандықтың күресіне негізделген оқиға жазылады. Табиғатынан ерекше жаралған дарын иелері-продюсерлер кейпіндегі Періште мен Ібілістің ықпалына түседі.

"Бригада" телехикаясынан көпшілікке мәлім Фархад Махмутов, Ресейдің белгілі актрисасы Светлана Ходченковамен қатар фильмге Ғалымжан Берекешев, Анжелика Шагарова, "Қазына" хоры сияқты біздің де талантты отандастарымыз қатысады.

Жаңа туындының павильонда жоспарланған бөлігі Алматыда, қалғаны Украинада түсіріліп, Америкада компьютерлі графика көмегімен монтаждалмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/312225-kazakstan-resej-zhene-ukraina-kinogerleri-birigip-mistikalyk-film-tysirmek.html