RU

Тараз ғалымдары инновациялық кәмпиттер ойлап тапты

Тараз ғалымдары инновациялық "батончик" кәмпиттерін жасап шығарды. Бұл туралы "Мегаполис" басылымы хабарлады.

Қымбат тұратын жаңғақ қоспасына ғалымдар тары талқанын қосуды ұсынып отыр. Бұл өнімнің бағасын төмендетіп қана қоймайды. Оны құнарлы, әрі тойымды етеді.

Кәмпит өңдеуші, ғалым Бекзада Солтыбаеваның айтуынша, кәдуілгі кәмпиттерде минералдар аз, оның үстіне тым майлы өнім тез бұзылады.

"Біз пралин қоспасына 25-30 пайыз тары талқанын қосуды ұсынып отырмыз. Кәмпитте оның дәмі білінбейді. Бұрынғысынша, ауызда тез еріп кетеді. Бірақ, бағасы бірден түсер еді. Мәселен, бір келі жаңғақ 1700 теңгеден төмен тұрмайды. Ал тарының келісі 500 теңге. Оның үстіне бұл қазақтың ұлттық тағамы", - дейді Солтыбаева.

Талқан қосылған "батончик" кәмпиті өзіне тән дәмге ие болады. Және түсі қоңырдан ашық сарыға ауысады. Кәмпиттердің сақтау мерзімі де ұзарып, жаңа қоспа құрамындағы антиоксиданттарды ұзақ сақтауға көмектеседі.

Осы ретте айта кетейік, антиоксиданттар - тотығуға қарсы және оны тежеу үшін қолданылатын заттар; ағзаның қартаюын бәсендететін қышқылдану процестерін баяулататын химиялық заттар. Олар тағамдық майлардың ашуын азайту үшін қажет.

Қарағандылық кондитер фабрикасы "ұлттық" дәмі бар кәмпиттердің сынамалық партиясын дайындап шығарып та үлгерді. Оларды "Тараз", "Мейрам" деп атаған. Ал ғалымдар тәттінің рецептін патенттеп, өндірушінің осы бастамаға 2 миллион теңге құюын күтуде. Олардың айтуынша, жұмсалған қаражат бір жарым екі жылда толық өтелер еді.

Еске сала кетейік, тарыдан жасалған тағамдар адам ағзасына күш-қуат беріп, иммунитетті көтереді. Бір кесе сүтке тары бөктіріп жеген адам күні бойы тоқ жүреді. Сонымен қатар, тары ағзаға қажетті фтор, магний, марганец секілді элементтердің орнын толықтырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/312465-taraz-galymdary-innovacziyalyk-kempitter-ojlap-tapty.html