RU

Калачидегі ұйқышылдық ауруының мүмкін себебі айтылды

Радиацияның еш қатысы жоқ. Ақмола облысындағы Калачи ауылында жұртты естен тандырып жатқан кеселдің тарауына уран шахталары емес, жертөлеге жиналатын бу себеп болуы мүмкін деп хабарлайды КТК арнасы.

Бірнеше ай бойы елді-мекеннің ұңғыл шұңғылын жіті зерттеген комиссияның алғашқы қортындысы осындай.

Яғни, жылу маусымында жертөлелерде және желдетілмейтін тұрғын үйлерде жиналып қалатын буланудың жоғары концентрациясы шамадан тыс артқан.

Қазіргі таңда ұйқы дертімен күллі елге аты шыққан Калачи ауылын мамандар әлі төңіректеп жүр.

Бірақ жүздеген зерттеу жасалса да, комиссия түпкілікті шешімге келе алмай отыр.

Калачиде ғалымдар мен дәрігерлерден бөлек, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері жүр.

Былтыр наурыздан басталған ұйқышылдық дертіне ауылдың 40-тан астам тұрғыны шалдыққан. Арасында балалар да бар.

Жергілікті жұрт "аты жоқ" аурудың белең алуын уран шахталарынан көріп отыр. Алайда, комиссия бұл күдікті болжамдардың санатынан мүлдем сызып тастаған секілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/313123-kalachidegi-yjkyshyldyk-auruynyn-mymkin-sebebi-ajtyldy.html