RU

Үйде отырғым келмейдi

"Көп біріксе - береке, келісіп істесе, көп іс бітеді" демекші, "Әйел бақыты" ток-шоуында біраз игі іс атқарылды деп нық сеніммен айтуға болады.

Мамыр айының 5-і күні "Үйде отырғым келмейді..." тақырыбы талқыға салынды. Төрт қабырға тұсауынан шыға алмай отырған қыз – келіншектер қатары эфирге хабарласып, мұңдарымен бөлісті. Сондай әйелдер қатарындағы Бибінұр Еспекова. Жасы жиырма төртте. Оқу бітірісімен тұрмысқа шығып, ана атанған. Үйде отырып, декреттік демалыстан қажыған Бибінұр жұмысқа шыққысы келеді.

Бірақ балалы ананы жұмысқа ешкім алмайды деген пікірде болып, жүрексінген Бибінұрға тікелей эфирде Астана қаласы "Жұмыспен қамту орталығының" бөлім бастығы Аяжан Қазкеева өз мамандығына сәйкес қызмет ұсынды. Иә, көздеген мақсатымызға жеттік. Онымен қоса, бағдарлама барысында үйде отырып ақша табудың амалдары жайлы "Әйел бақытының" көрермендеріне келелі кеңестер айтылды.

Ал, мамырдың 12-інші жұлдызында баланың демалысын жоспарлау тақырыбында әңгіме желісі өрбіді. Студияға ҚР Білім және ғылым министрлігі, "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Мұхитдин Төлепбаев мырза мен Астана қаласы оқушылар сарайының басшысы Ұмсын Арқабаева ханым келіп тұшымды пікірлерімен бөлісіп қана қоймай, Мұхитдин аға эфирге қатысушы бүлдіршіндерге күтпеген жерден "Балдәурен" лагеріне жолдама берді. Жазғы демалыстары ұтымды пайдаланылып, балалардың қуанышына айналған "Балдәуренде" балақайлардың демалысы жақсы өтеді деген ойдамыз. "Игілікті істің ерте – кеші жоқ" дейді халық арасында. Ендеше көздеген игі ниетіміз іске аса берсін.

Жоғарыда айтылған бағдарлама шығарылымын мына сілтеме арқылы толық көре аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/313825-yjde-otyrgym-kelmejdi.html