RU

Қазақстанда азаматтық ала-алмай жүрген оралмандардың саны 50 мыңға жуықтады

Қазақстандық азаматтық ала-алмай жүрген оралмандардың саны 50 мыңға жуықтады. Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында мәлімденді.

"Бүгінде оралмандардың азаматтық алу мәселесі сөзбұйдаға салынып, ұзаққа созылып кетті", - деген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жетекшісі Талғат Мамашев Ресей тәжірибесін алға тартты.

"Ресей Қырымдағы жағдайға байланысты азаматтық алуға қатысты заңды бір күннің ішінде қабылдады. Ол бойынша өтініш берген адам бір күннің ішінде Ресей азаматтығын ала алады. Бұл біз үшін де аса қажет тәжірибе", - деді Мамашев.

"Онсыз да біз тоқтап, көш жүрмей жатқанда биыл бірталай адам келіп жатыр ғой. Бұлар не істейді. Сен анау барған еліңнен барып азаматтықтан шыққан туралы справка алып кел, сен қытайдан барып сотталмағаның туралы справка алып кел. Сен анау жерден пропискадан шыққаның туралы справка алып кел деген сондай ақымақтық талаптарды қойып, адамдарды, ағайындарды просто жылатады. Қан қақсатады. Бұл ешқандай заңда жоқ", - дейді  дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары.

Жалпы жыл сайын көші-қон полициясы миллионнан астам шетелдік азаматты тіркейді. Бұған қоса елімізге тіркелуге міндетті емес жеті миллонға жуық шетелдік азамат келетін көрінеді. Тіркелгендердің жалпы санының миллионға жуығы ТМД елдерінің азаматтары, атап айтқанда 400 мыңы - Өзбекстан, 200 мыңы - Ресей және 100 мыңы Қырғызстан азаматы. Алыс шетелді алатын болсақ, Қытайдан 70 мың және Түркиядан 50 мыңға дейін мигрант келеді.

Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайыновтың айтуынша, мигранттардың көп бөлігі Алматы қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Астанада тіркелген. Ал Қазақстанда тұрақты түрде тұрып жатқан шетелдік азаматтардың саны 165 мыңдай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/314360-kazakstanda-azamattyk-ala-almaj-zhyrgen-oralmandardyn-sany-50-mynga-zhuyktady.html