RU

Сейфуллин даңғылындағы түнгі көбелектер табысын айтып мақтанды

Алматыда Сейфуллин даңғылы түнгі көбелектерден тазартылып жатыр. Алматы полициясы әйгілі көшені көйлекті кезбелерден құтқару үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Сондай-ақ қаладағы ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері желік қуғандар жиі баратын орындарды да әшкерелеуде.

Көк қағаздың шетін көрсетсе, көлденең келген көк аттының да қалауын қылатын жеңіл жүрісті қыздардың жұмыс уақыты түнгі 12-ден басталады. Және олардың жұмысы аптаның аяғы, демалыс күндері дегенге де қарамайды.

Желік қуғандар жиі келетін сондай "ойнақтың" бірі - "Экспресс" қонақ үйінен табылды.

"Интим-қызмет көрсететін қыздардың басым бөлігі - көрші мемлекеттен осында жұмыс іздеп келгендер. Яғни Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келіп, жезөкшелікпен ақша тауып жүргендер. Қазір барлығын қалалық ІІД ғимаратына жеткіземіз", - дейді ІІД ҰҚКБ жедел уәкілі Арман Алтыбаев.

Жеңіл жүрісті қыздардың ішінде өзіміздің қарагөздер де өріп жүр. Және олардың арсыз қызметі үшін ұялатын түрі көрінбейді.

Келген клиентті үркіткеніміз үшін, бір түндік табыстарынан айырылып қалғаны үшін, бастапқыда қыздар тілшілермен тілдеспей қойды. Артынша, ай сайын 300 мың теңге табатындарын айтып, мақтанды. Тіпті, сағатына 5000 теңге алып, күніне он адамға қызмет көрсететіндерін де жайып салды.

Араларында арсыз қызметі үшін, ұялғандары да болды. Бірақ қашып, құтылғысы келгендердің де, "жасырынбақ" ойнағысы келген жезөкшелердің де әрекеті әшкере болды. Теңгеге тәнін саудалап, жезөкшелікпен айналысқан жиырма шақты қыз қалалық ІІД ғимаратына жеткізілді.

Ал, қонақ үй әкімшілігінің үстінен іс қозғалды. Бұл - біржылға жетер-жетпес уақыт ішінде "Экспресс" қонақүйіне қатысты қозғалған екінші іс. Яғни бұған дейін де қонақүй клиенттерінің көңілін көтеріп келген жеңіл жүрісті қыздардың әрекеті әшкереленген болатын.

Ол кезде қонақ үй қожайынының үстінен әкімшілік іс қозғалған. Алайда, ол факт - қожайынға сабақ болмаған сыңайлы. Енді ол бұл әрекетін үшінші мәрте қайталаса, онда қонақ үй бизнесінен түбегейлі айырылатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/314635-sejfullin-dangylyndagy-tyngi-kobelekter-tabysyn-ajtyp-maktandy.html