RU

Қазақстанда "Toyota" көліктерінің өндірісі іске қосылады

Елімізде Қазақстанда жасалған "ToyotaFortuner2025" жол таңдамайтын көліктері пайда болады. Аталмыш өндіріс 11 маусымда іске қосылады деп күтілуде.

"ToyotaFortuner2025" Қостанайдағы "Сарыарқа Автопром" өндірістік базасында іске қосылмақ. Бұл туралы forbes.kz сайтында хабарланды.

Өндірістік желінің іске қосылуы рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ "Тойота Мотор Корпорэйшннің" аға басқарушы директоры, "Тойота Мотор Еуропаның" президенті Дидье Леруа, TMC Басқарма төрағасы Такеши Учиямада мен Тойота Тсушо Корпорэйшн Басқарма төрағасы Джунзо Шимизу қатысады делінген.

Бұл Тойотаның Орталық Азиядағы бірінші өндірістік алаңы болып табылады. Зауытта өндірістің толық циклі жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, онда көлік шанағының құрамдауыштарын дәнекерлеу, көлікті сырлау, сондай-ақ аталған джиптің бөлшектерін, тораптарын, агрегаттарын және ішкі құрылғыларын жинау қарастырылған. Осыған дейін Тойота өндірісі жайлы Азия даму банкі (АДБ) басшыларының жыл сайынғы 47-ші отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев те мәлім еткен болатын.

"Біз жылдың екінші жартысында ірі компаниялардың жаңа жобалары жайлы естиміз деп күтіп отырмыз. Өз жобалары туралы әлемдік алып "Тойота моторс" мәлімдеді. Бұл компанияны әлемнің барлық елдері өз жерінде көргісі келеді. Компания алдағы уақытта елімізде автомобиль өндірісін ұйымдастырады. Оның соңынан басқа да ірі компаниялар да келеді деп ойлаймын", - деген болатын Ә.Исекешев.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі сонымен қатар, Қазақстанда жыл соңына дейін машина жасау саласының өндірістік көлемі 1 трлн теңгеге дейін өсетіндігін жеткізген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/314963-kazakstanda-toyota-kolikterinin-ondirisi-iske-kosylady.html