RU

Оралда опырылып қалған тұрғын үйдің қос қабаты тұтастай шөгіп кетті

Оралда тұрғын үйлердің бірі опырылып, үй иелері қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғындар апаттың себебін астыңғы қабаттағы дүкен қожайынының жөндеу жұмыстарынан көріп отыр.

Төтенше жағдай мамандарының жорамалы да осыған саяды. Кәсіпкер дүкендегі ескірген ағаш терезені пластик материалға ауыстырмақ болған.

Құтқарушылардың дерегіне сенсек, тұрғын үй 1961-ші жылы салынған. Ескі ғимарат жөндеу жұмыстарына шыдас бермеген. Үйдің тозығы жеткенін енді білген кәсіпкер, қазір бармағын тістеп отыр.

"Былай болатынын кім білген? Бар болғаны дүкенімнің сыртқы қасбетін әдемілеп өзгерткім келді. Енді аяқасты болған апаттың кесірінен бизнесім тұрып қалды. Өте өкінішті жағдай. Не істерімді де білмеймін", - дейді кәсіпкер Марина Шалыхманова. 

Қазір үй толықтай қоршауға алынды. Сондай-ақ, үй иелеріне құжаттарын, кәсіпкерге дүкен ішіндегі бұйымдарын сыртқа шығаруға рұқсат берілді. Ендігі жағдайды сарапшы-құрылысшылар бағаламақ. Қазір үй электр жарығы мен газдан ажыратылды. Ал аяқасты далада қалған тұрғындарға енді тума-туыстарын сағалауға тура келеді.

"Қазір бұл үй, тұруға жарамсыз деп танылып, оның одан әрі опырылуына әсер етер деген қауіппен осы маңдағы көлік жолын жауып тастадық. Бірақ, үй қабаттарының арасындағы жабын плиталарының отыруы әбден мүмкін. Қазір бірінші және екінші қабаттардан бастап, ғимарат тұтастай шөгіп кетті", - дейді Орал қалалық ТЖБ бастығы Талғат Еділбаев. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/314987-oralda-opyrylyp-kalgan-tyrgyn-yjdin-kos-kabaty-tytastaj-shogip-ketti.html