RU

Президент Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жолдады

31 мамыр күні Қазақстан халқы XX ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алады, деп хабарлайды Bnews.kz.

Тәуелсіз Қазақстанда алғаш қабылданған заңдардың бірі – 1993 жылдың 14 сәуіріндегі "Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" ҚР заңы болды.

1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды, ал ел үкіметіне жыл сайын осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп, өткізу тапсырылды.

Осыған орай "Егемен Қазақстан" газетінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шараларға қатысушыларға үндеуі жарияланды. "Қазақстанда 31 мамырда менің 1997 жылғы Жарлығыммен бекітілген Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып келе жатқанына 17 жыл болды.Біздің барша халқымыз үшін бұл күн ерекше тарихи мәнге ие. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді.Қазақ халқының көрнекті перзенттері - Шәкәрім Құдайбердиев, Ах­мет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Май­лин жә­не басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды.Қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек және басқа да халықтар өкілдері көтерді. Зұлмат заманға қарамастан, барынан айырылған жандар біздің жерімізден жаңа баспана тауып, жан жылуына, түсіністік пен қамқорлыққа ие болды.Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршы­лық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз", - делінген Елбасы үндеуінде. 

Айта кетейік, елімізде 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/315792-prezident-sayasi-kugyn-syrgin-kyrbandaryn-eske-alu-kynine-oraj-yndeu-zholdady.html