RU

Тараздық өнертапқыш әмбебеп өрт сөндіру көлігін құрастырды

Тараздық өнертапқыш әмбебеп өрт сөндіру машинасын ойлап тапты. Мұны теория жүзінде дәлелдеп шыққан Марат Аюбаев ашқан жаңалығына арнайы патент те алды. Алайда сынақтан өткізу үшін техниканың өзін жасауға қазір қаржы таппай жүр.

Егер осы жаңалық өндіріске енгізілетін болса, сусыз аймақта 2 тәулікке дейін тоқтаусыз жұмыс істей алатын өрт сөндіру машинасы пайда болады деп хабарлайды 24 арна.

Зейнет жасындағы Марат Аюбаев өрт машинасын осыдан 14 жыл бұрын ойлап тапқан. Бұл машинаның ерекшелігі өртті бірнеше компонентпен өшіре алады. Өнертапқыштың айтуынша, жаңалық жүзеге асса, нағыз техникалық төңкеріс болмақ.

Себебі "Аюбаев" өрт сөндіру машинасы Ресейден алынатын көліктерден 10 есеге арзан әрі тиімді болады дейді өнертапқыш.

"Бу араласқан су. Инжектордың арқасында бу мен су араласады. Аз мөлшердегі сумен өртті өшіреді. Инертті газбен көбік араласқан. Бумен араласқан көбік. Сумен араласқан көбік. Соның бәрін есептегенде 7-8 тәсіл бір машинаның ішінде жиналған", - дейді өнертапқыш.

Өнертапқыштың бұдан өзге өртке қарсы 4 жобасы бар. Оның бірі – өрт түнде бола қалған жағдайда ұйқыда жатқан адамдарды оятатын құрылғы.

Сонымен қатар биік ғимарат, таулы аймақтар мен жанармай қоймаларындағы өртті сөндіретін тәсілдерді де ойлап тапқан. Бірақ бұл әзірге қағаз жүзінде ғана. Құрылғыны жасап, іске асыру үшін қаржы қажет. Өнертапқыш жобасын ұсынып, біраз табалдырықты тоздырған. Тіпті "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасына да қатысқан.

"Бизнес жоспарды жасау үшін ол жоспарлаушы, экономист, конструктор болу керек. Себебі оның бәрін есептеп шығару керек. Бұл документті істеу оңай емес. Ол әркімнің қолынан келмейді. Екінші кедергі, жоспардағы 15-20 пайыз қаржы өнертапқыштан шығу керек. Мысалы, 20 млн ақша шығын болса,оның 20 пайызын мен өтеу керекпін. Ондай ақша өнертапқышта қайдан болсын?", - дейді ол.

Марат Аюбаевтың тағы бір жаңалығы ол – өртті бумен өшіретін құрылғысы. Өнертапқыш оны сынақтан өткізіп те көрген. Оның көмегімен лаулаған қызыл жалынды аз уақытта сөндіруге болады. Оның үстіне бұл суға да үнем болмақ.

Автор медицина, энергетика сияқты түрлі салаларда жалпы 30-ға жуық жаңалық ашқан. Оның 20-сына алдын ала патент те алды. 67 жастағы өнертапқыш мұнымен тоқталмақ емес. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді көздеуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/315906-tarazdyk-onertapkysh-embebep-ort-sondiru-koligin-kyrastyrdy.html