RU

Жалғызбасты келіншек ішерге ас таппай, аштық жарияламақ

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында тұратын 24 жастағы Жадыра есімді жалғызбасты келіншек ішерге ас таппаған соң, ақыры аштық жарияламақ.

Жарымжан анасы мен мүгедек інісін өз қамқорлығына алған тұрғын,  тұрақты жұмыс таппаған соң, амалсыз осындай қадамға барып отыр. Жадыраның қарт әкесі өмірден қайтқалы анасы Күлсінай күндіз күлкіден, түнде ұйқысынан айырылған. Жүйкесі жұқарып, делқұлы күйге түскен. Ал жалғыз бауыры Нұрсұлтан да 2-топтағы мүгедек. Алайда екеуінің де құжаттары толықтырылмағандықтан, төленетін ақылардан құр қалған. Барлық ауыртпалық өзіне ғана түскендіктен жұмыссыз, күйсіз отырған Жадыра аштық жариялауға дейін барған."Көп жерге бардым, көмек сұрап. "Нұр Отанға" да бардым. Әкімшілікке де жаздым. Ешқандай хабар берілмейді, ешқайсысы. Қазір енді бір әпшенің қолында тұрып жатырмын. Жұмыс істеп поляға шығамын. Күнделікті мың теңгелік", - дейді ол.     Ауылда тұратын Жәмилә Мүстапаева тұрғын үйінің тарлығына, мұнда тұратын өзінің ері мен бала-шағасына қарамастан, Жадыраға жаны ашып, екі бірдей жарымжан туысымен бірге оны үйіне кіргізген. Қазір барлығы да осы аядай 2 бөлмелі ескі күртешені мекен етуге мәжбүр.

Ал, Жадырамың теңгелік жұмыстың уақытынша екенін біледі. Жаз артынан қыс мезгілі келетінін есіне алса, тұла бойына қорқыныш үйіріледі. Ал ауыл әкіміндегілер Жадыраның мүшкіл халінен хабарсыз болып шықты. "Пенсия алмайды екен. Сол пенсиясына қалай көмек болатынын, өзіміздің әлеуметтік орталығымыз бар, сол кісілермен ақылдасып, бұл мәселені шешеміз. Енді бүгіннен бастап бұл кісіні қазір есепке алдық. Енді жәрдем береміз", - дейді Шубарсу ауылының әкімі Жанқозы Сәмбетов.Құзырлы орындағылар ең алдымен, оның науқас туыстарына медициналық көмек көрсетуден бастағалы отыр. Одан кейінгі жерде заңда көзделген барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз дейді. Ал, республика бойынша, Жадыра сияқты қиналғандарға қанша әкімнің мән бермей жүргені белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/315956-zhalgyzbasty-kelinshek-isherge-as-tappaj-ashtyk-zhariyalamak.html