RU

Қостанай облысында ауыл тұрғындары әкімге қарсы шықты

Қостанай облысында ауыл әкіміне қатысты шу шықты. Жангелді ауданы Жаркөл ауылының тұрғындары бірауыздан "басшымыз қызметінен кетсін" деп отыр. Себебі, шенеунік қордаланып қалған мәселелерімізді шешпек түгілі, тыңдағысы да келмейді" дейді халық.

Шу шыққан елді-мекен ресми түрде Жаркөл, ал халық арасында Тәуіш аталып кеткен. Бұл ауылға жаңадан әкім сайланғанына 2 жылға жуық уақыт болған. Қарапайым тұрғындар "содан бері жағдайымыз бұрынғыдан бетер нашарлап кетті",- дейді."Қайдағы жағдай мен ертең кетем балаларым сабақ бітіреді анау еңбекке барып біреудің сиырын сауып, малын бағып сөйтіп келем. Былтыр да солай күн көргем, биыл да тағы кетейін деп отырмын солай жеті баламды асырап", - деп бөліседі алдағы жоспарларымен ауыл тұрғыны Сайлаугүл Әбдікенова.Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұнда ешқандай жұмыс жоқ.  Жалғыз әлеуметтік мекеме мектепте істейтін кейбір адамдар "жұмыстан да айырылып қалдық", - деп налып отыр. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауылда ағайыншылдыққа басымдылық беріле бастаған.Ал Жаркөл ауылдық округінің әкімі Берік Әубәкіровтің айтуынша, мұндағы халық саны 1600-ден астам. "Оның барлығына бірдей жұмыс тауып беру мүмкін емес", - дейді. "Біз ауданға қараймыз ғой, бізге негізгі бюджетімізді бөліп берген жоқ.Құр жанағы өзіміздегі жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысымен ғана не істеп отырмыз. Алдағы жылы 2015 жылдан бастап ауылдың өз бюджетін бекітіп береді деп жатыр", - деп ақталды ол.Жасы жетпістің үстіне шыққан Серкеш ақсақал осы ауылдағы көне көз қариялардың бірі. "Жергілікті шенеуніктердің іс-әрекетін қалт жібермей қадағалап отырамын", - дейді. Оның ойынша, ауылдағы қордаланған мәселені шешуге әкімнің өзі қауқарсыздық танытып отыр. "Әкім деген жас бала өздеріңдей енді есебі дәп енді басқару қабілеті өте төмен. Ешкімнің тілін ала қоймайды, ұйымдастырушылық қабілеті өте шамалы. Анау күні әкім сайлауы болғанда басқа адамды қояйық дедік, бірақ болмады мынаның қолдаушы адамдары көп болды", - дейді қария.

Екі қолға бір күрек таппай дал болып отырған ауылдағы ағайынның қорасында азын-аулақ малы бар. Бірақ, оның өзі құнсызданып кетіпті.

"Малдың да құны жоқ 60-80 мыңға береміз оған тамақ аламыз да отырамыз.Балаларымызда киім жоқ, көрінгеннің киімін кигіземіз әй аяқ киіміңді берші, әй анауыңды берші деп. Сол жағдайымыз басқа айтарым жоқ осы", - дейді Күлпән Сүйіндікова.Әбден ашу ызаға булыққан тұрғындар ауыл әкімі ауыссын деп отыр. Олардың бар тілегі осы Жаркөл ауылындағы әлеуметтік мекемелерге жұмысқа орналасу. Қарапайым халықтың айтуынша, қазіргі әкім осы бағыттағы жұмыстарды жөнді реттей алмай отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/316055-kostanaj-oblysynda-auyl-tyrgyndary-ekimge-karsy-shykty.html