RU

Биыл қазақтың Мәдинасы көзі тірі болғанда 60 жасқа толар еді

Көзі тірі болғанда Мәдина Ералиева биыл 60 жасқа толар еді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісін өнердегі достары сағынышпен еске алды.

Ұлттық кітапханада өткен кеш аясында әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған "Қазақтың Ақбаяны" атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды. 2000 жылдың күзінде кенеттен келген ажал қазақ эстрадасының Ақбаянын алып кетті. Оған да 14 жыл толыпты.

Осы уақыт аралығында Мәдина Ералиева сынды өз орнын, өзіндік үнін қалыптастырып кеткен әншіні зерттегендер көп емес. Қазақтың Мәдинасы - деп аталатын туындысын Рауан Тұрғантай кітап етіп басып шығарды.

"Рауан Тұрғантайдың бұл "Қазақтың Мәдинасы" кітабына жазғысы келгені Мәдинаның бүкіл өмірі, Алатауды асырған әсем әндері, фото -сурет шежірелері сыр шертеді. Бұл жинақ артта қалған ұрпақтарына естелік және үлкен дастан", - дейді  Мәдениет қайраткері Гүлзия Байбосынова.

Жастайынан өнерге құштар Мәдина Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне түседі. "Айқарагөз", Жылқы ішінде ала жүр", "Ақбаян" секілді әуендері әлі күнге дейін халықтың жүрегінде.

"Кіресің жиі түсіме ","Сағым жылдар" сияқты әндері әншінің өзіне ғана тән сырбаз әуенін, орындау ерекшелігін айшықтап тұратын.

Қазақтың Ақбаяны атты кітап көрмесіне Мәдинаның әріптестері, өнердегі достары мен туған-туыстары жиналды. Көрмеге қойылған материалдар әнші өмірінің әр кезеңінен сыр шертеді. Әнші 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы филормониясының жетекші әншісі қызметін атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/316627-biyl-kazaktyn-medinasy-kozi-tiri-bolganda-60-zhaska-tolar-edi.html