Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ҰБТ-ға түлектің ұялы телефон алып кіруін мұғалім мен директордың өзі қалайды

Опубликовано:

Министрлік пен әкімдіктердің орта мектептерден жоғары білім көрсеткішін талап етуі мұғалімдер мен оқушыларды түрлі айла-шарғыға баруға мәжбүрлейді.

Жоғары оқу орындарына түскісі келетін мектеп бітірушілердің білім деңгейін анықтайтын ҰБТ аяқталған соң бұл сынақты мектептердің "көрсеткіш жақсарту науқанына" айналдырғанын айтып шағымданушылар көбейді.

Оқушылардың сынақ тапсыратын ғимаратқа жасырын түрде шпаргалка мен арнайы қосымшалар арқылы сырттан жауаптар алдыру үшін ұялы телефон алып кіруіне кейбір мектептер өздері де мүдделі болғанға ұқсайды.

Алматылық мектеп бітіруші бозбала А. (аты-жөнін жарияламауды өтінді - ред.) ҰБТ-ға ешқандай шпаргалкасыз, ұялы телефонсыз кірмек болған әрекетінен түк шықпағанын айтады.

"Мектеп директоры да, мұғалімдеріміз де ҰБТ жақындаған сайын "проходной балл" (оқуға түсу үшін қажетті ең төменгі орта шек – 70 балл төңірегінде, ал ең жоғарғы балл – 125 - ред.) алу үшін тест тапсыратын аудиторияға ұялы телефон алып кіру қажет екенін ескерте берді. Мен болсам "ұсталып қалсам қайтем" деп уайымдаумен болдым", - дейді мектеп бітіруші.

Тура тест тапсыратын күні сынып жетекшіміз телефон алмай келгенімді білгенде ренжіп, қалтама өз телефонын салып берді. Абырой болғанда аудитория ішінде тексеруге түспей аман шықтым. Бірнеше сыныптасым ұсталып қалды.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін мектеп директоры (аты-жөнін атамауды сұрады – ред.) Азаттыққа "ҰБТ-дан жоғары балл жинамасақ, қызметімізден кетуге әзірміз", - деп білім бөліміне қолхат жазып бергендерін айтты. Аты-жөндерін ашық айтса қудаланатынын ескерткен олар ҰБТ-дан жоғары балл жинап, білім саласындағы көрсеткішін жақсарту үшін облыс, аудан әкімдері мектеп директорларына, ал олар мұғалімдерге қысым көрсететінін айтады.

"ӘКІМНІҢ ҚЫСЫМЫ"

Қызылорда облысында ұзақ жыл мектеп директоры қызметін атқарған Манап Сейілбековтің (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) ойынша, мұғалімдерді ҰБТ кезінде түрлі заңсыз әрекеттерге итермелейтін негізгі себеп - жоғары жақтан жасалатын қысым.

"Мектеп директоры болып жүргенде аудандық білім басқармасы мен аудан әкімі тарапынан ҰБТ-дағы көрсеткіш жоғары болсын дейтін тапсырманы өзім де талай алдым, мұғалімдерге де жоғары балл алу керек дейтін тапсырма бердім", - дейді ол.

Манап Сейілбековтің айтуынша, ол 2013 жылы ҰБТ-дағы көрсеткіші төмен болғаны үшін аудан басшылығының талап етуімен "өз еркімен" қызметінен кеткен.

"2013 жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың ұсынысымен ҰБТ-да төмен балл жинаған 27 мектеп директорын бір мезгілде орнынан алып тастады. Әрине заң бойынша ҰБТ үшін қызметінен алуға болмайды, бірақ әкімнің сөзі жерде қалмайды", - дейді әлі де білім саласында жұмыс істеп жүрген Манап Сейілбеков.

Республикалық ҰБТ орталығы атынан аймақтардағы сынақ тапсыру процесін тексеруші комиссия құрамында бірнеше жыл болған жоғары оқу орнының оқытушысы Айгүл Тұрбаева да осыған ұқсас ой айтады. Оның сөзіне қарағанда комиссия алғашқы күні қатаң болғанымен, соңына қарай жұмсара бастайды.

"Комиссиямен бірер күнде таныс-біліс болған соң аудан, облыс басшыларының "өтініштері" айтылады. "Алтын белгіге" ұсынылатындарға, әкімдердің баласы отыратын аудиторияларға қатаң болмаңдар" деген ұсыныстар жасалады. Ондайды білетін кей мұғалімдер оқушыларының, әрине, ұялы телефон алып кіргенін қалайды" дейді ол.

"СОҢҒЫ ЛЕК"

"Талай ҰБТ науқанын бастан өткердік" деген Манап Сейілбеков ҰБТ кезінде "нәтижені жақсарту үшін" ұялы телефоннан өзге де айла-амал қолданылатынын айтады.

"Кей кездері ұялы телефон байланысын тұншықтыратын аудитория маңындағы аппараттарды жарты сағатқа дейін өшіріп тастайды. Бірақ аппараттың шамасы келмейтін шағын рацияларды пайдаланатындар да болады", - дейді Манап Сейілбеков.

Тест уақыты аяқталып, "шығыңдар" деген хабар берілгенде шықпай қалып қоятындар да бар. Оларға алдын-ала ескертіледі.

Сол кезде өз адамдары оқушыға барып 15-20 минут ішінде дұрыс жауаптарын белгілеп береді. Ол кезде күні бойы түсіріп тұрған камера да, ұялы телефон тұншықтырғыш аппарат та заңды түрде өшіп жатады.

Оның сөзінше мектептің ҰБТ-ға қай уақытта кіретіні де маңызды мәселенің бірі, өйткені алғашқы күндері ҰБТ тапсырғандардың көбі төмен балл алады деген түсінік қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында жұмыс істейтін мектеп мұғалімі Жәния Сарбалаева да алғашқы лекпен ҰБТ тапсырған мектеп оқушыларының "көрсеткіші төмен болатынына" сенімді.

Оның айтуынша биылғы ҰБТ кезінде 27 "Алтын белгі" алған Мақтарал ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназия жыл сайын 4-лекпен тест тапсырады.

"Биыл да аудан орталығындағы тәуір мектептердің барлығын 4-лекке қойғанына таңғалып отырмыз. Алғашқыда тексерушілер қатаң сияқтанғанымен, соңына қарай олар да оқушылардың білім көрсеткішін төмендетпеу жөніндегі жоғарыдан түсетін нұсқауларды орындай бастайды. Яғни ҰБТ-дан мектептердің жоғары балл жинауына жергілікті әкім, мектеп директорларынан өзге ҰБТ-ның комиссиясы да мүдделі болып шығады" дейді ол.

"БІР МЕКТЕПТЕН 27 "АЛТЫН БЕЛГІ"

Алайда ҰБТ-да жоғары балл жинау науқанның емес, мұғалімдердің шынайы еңбегінің, оқушылардың терең білімінің нәтижесі деп ойлайтындар да баршылық. Азаттық тілшісі Жәния Сарбалаеваның пікіріне мысал болған Мақтарал ауданындағы мектеп-гимназияның директоры Омархан Қозыбақпен де сөйлескен еді.

Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның ҰБТ-ны маусымның 8-і күні 4-лекпен тапсырғаны рас.

"Мектеп бітіруші сыныптардағы 54 оқушының 27-сі "Алтын белгімен" бітіріп, 15-і "үздік аттестат" алды. Былтыр да 70 оқушының 50-ін "Алтын белгіге" ұсындық, оның 29-ы алды. Осы жетістіктерімізге сенбейтіндер көп екенін білемін. Сол үшін тест кезінде біздің оқушыларымызды қатаң қадағалады", - дейді ол.

20 жылдан астам директорлық қызмет атқарған Омархан Қозыбақтың айтуынша, өзі басқаратын мектеп-гимназия басқа орта мектептермен бірдей бағдарламамен оқытады, арнайы іріктелген дарынды балалары да жоқ, бәрі де осы мектепте бірінші сыныптан бастап оқығандар. Ол мектептің мұндай жетістікке жетуіне негізінен мұғалімдердің тәжірибелі мамандар екені себеп болды деп санайды.

​Оңтүстік Қазақстан облысы Мақатарал аудандық білім бөлімінің ҰБТ-ға жауапты бас маманы Серік Төребековтің сөзінше де, ҰБТ процесінде өрескел жайттар болмаған, мемлекеттік комиссия қатаң бақылау жасаған.

"Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп соңғы жеті жылда бірінші орын алып келе жатыр. Былтыр орта есеппен 106, биыл 113,5 балл жинады. Аудандағы Максим Горький атындағы мектеп-гимназия да 106 балл жинады. Ал биыл Мақтарал ауданында 114 бала "Алтын белгіге" ұсынылып, соның 70-і дәлелдеп шықты", - дейді ол.

Серік Төребаевтың айтуынша Мақтарал аудандық білім бөлімі ҰБТ-ның орташа көрсеткіштерін "жыл сайын 4-5 балға өсіруді" жоспарлап отыр. Мәселен, аудан оқушылары былтыр орта есеппен 70, биыл 73 балл алған. Ұлттық бірыңғай тестілеу орта мектеп бітірушілерінің білім деңгейін бағалау әдісі ретінде 2004 жылдан қолданылып келеді.

Советтік кезеңдегі емтихан жүйесін жойып, ҰБТ енгізілгенде "парақорлық пен тамыр-таныстыққа" жол бермейтін әдіс ретінде бағаланған еді. Бірақ жыл сайын сынақты өткізу процесі сынға ұшырап, оған балама жүйе енгізу мәселесі жиі қозғалып жүр. 2014 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу 2-9 маусым аралығында өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/317439-ybt-ga-tylektin-yyaly-telefon-alyp-kiruin-mygalim-men-direktordyn-ozi-kalajdy/

pixel