RU

Алматыда қара жұмысқа жегілген балғындар базар кезіп жүр

Алматыда тұрымтайынан қара жұмысқа жегілген жасөспірімдер қатары сиремей тұр. Мамандар жыл басынан бері кәмелетке толмай, ауыр қызметке тартылған 19 баланы анықтапты.

Ал әлемде 14 жасқа толмаған мұндай 250 миллион бала бар. Жазғы демалыс Абзал үшін арман емес, тозақ. Он төрт жасар жеткіншек Барахолка базарында киім сатып, тиын тебен табады. Бұл оның анасының қалауы.

"Мен Тараздан үш айлық демалыста сауда жасауға келдім", - деді 14 жастағы Абзал Қойбақ.

Сондай-ақ, қала түбіндегі Фабричный ауылынан келген он бес жасар Қолдас та жазғы демалыс бойы осы базарда сөмке сатумен айналысады.

"Жазғы демалыста анама қолұшымды созып жүрмін", - деді 15 жастағы Қолдас Жақсыбаев.

Байқағанымыз Абзал, Қолдас сынды ойын балалар базарларда жиі кездеседі. Бірі жүк тиеп, арба итерсе, екінші бірі жеңіл-желпі тауар сатып күнелтуде. Қылмысқа ұрынып жатқандары да жоқ емес.

Ал, психолог мамандар белі қатпаған бала 9 ай оқудан кейін 3 ай арнайы тынығып, сергіп өзінің потенциалдық мүмкіндіктерін қалыпты жағдайға келтіріп, келесі оқу жылына дайындықпен келу керектігін айтады.

"Жұмыс жасаған балалар ерте есейеді. Олардың санасы толығып, үлкендердің жауапкершілігін өзіне ерте жүктегендіктен олар өмірге деген қөзқарастары да бөлек болады", - деді психолог Ділдә Сақтағанова.

Мамандар жақында Алматыдан кәмелетке толмаған 19 жас өспірімнің жұмыс істеп, қайыр тілеп жүргенін анықтады. Оның ішінде 13 жеткіншек Өзбекстан, ал 6 Тәжікістан азаматтары.

"Тексеру барысында жедел топпен бірге әмбебап базарларда және мешіттердің жанында, шіркеулердің жанында 19 кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер жұмыс істеп жүргені анықталды", - деді Медеу ауданы прокурорының көмекшісі Қуаныш Нұрсәметов.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, қәзір әлемде 14 жасқа толмаған 250 миллионға жуық бала қара жұмысқа жегілген. Оның 153 миллионы Азия, 80 миллионы Африка, 17 миллионы Латын Америка құрлығының балалары.

Ал, Қазақстанда бала еңбегін заңсыз пайдалану әрекеттері Оңтүстік Қазақстан облысында жиі тіркелетін көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/317879-almatyda-kara-zhymyska-zhegilgen-balgyndar-bazar-kezip-zhyr.html