RU

Гитлер жайлы жазған "Аңыз адам" журналының соты қайта жалғасты

Бүгін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында Гитлер туралы мақалалар жариялаған "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының үстінен бір топ адамның түсірген шағымын қарау басталды.

Осы айдың басында өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған 10 адам "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген еді.

Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды. Арыз иелері Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 10 адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден - жиыны 50 миллион теңге төлеуін талап етеді.

Даулы істі Алмалы аудандық сотының судьясы Әсет Боранбаев қарап жатыр.

Маусымның 5-і күні өткен алғашқы отырыста судья сотта Жарылқап Қалыбайдан өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар көрсетуін сұраған еді. Бірақ Қалыбай ондай айғақтарды көрсетпейтінін, әуелі өзінің кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтарды шағымданушы тараптың көрсеткенін қалайтынын айтқан болатын.

Ол жолы судья екі жаққа да өз пікірлерін дәлелдейтін айғақтарын көрсетуді міндеттеп, сот отырысын кейінге қалдырған еді.

Қазақ тілінде шығатын, 25 мың данамен тарайтын "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы мақалалар жариялаған соң дауға қалған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/318262-gitler-zhajly-zhazgan-anyz-adam-zhurnalynyn-soty-kajta-zhalgasty.html