Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы адамды өртеуге қарсы шықты

Опубликовано:

Осы жат үрдісті бірінші болып алматылықтар бастауы мүмкін. Ал ритуалды қызмет көрсететін мекеме мәйіт өртейтін  крематоридің жобасын толық дайындап қойыпты

Енді оны жүзеге асыруға 600 млн теңге қажет.  Себеп - қалада адам жерлейтін жер қалмай бара жатыр екен. 41 қорымның 27-і жабылған. Алайда заңгерлер адам сүйегін өртеуге рұқсат жоқ дейді. Қазақстандағы тұңғыш крематориді Алатау ауданында салу жоспарланып отыр. Мамандардың болжауынша, нысан батыс зираты маңында бой көтеруі мүмкін. 2 гектар жерде адам мәйітін, хирургиялық операция қалдықтарын және үй жануарларының өлексесін өртейтін қос пеш орнатылады. Жобаның техникалық-сметалық құжаты дайын.

Мүрделерді өртеп, күлі салынған құтыларды  сақтайтын орын да қарастырылған. Бір шаршы метр жерде енді  30-ға тарта марқұмның құтысы тізіліп тұрады. Ғимарат немістер жасаған мәйіт өртейтін пештермен жабдықталады.

"Біріншіден крематорий жер үнемдеу мәселесін шешеді. Екіншіден, бізде қаңғыбас иттердің өлігін жою үлкен түйіткіл. Әр жерде шашылып жатыр. Инфекцияның ошағы.Тағы бір мәселе, соңғы кездері ТМД, шетелге қоныс аударған жерлестеріміз өздерінің ата-бабасының сүйегін өзімен бірге алып кетуді дәстүрге айналдырған. Біз Владимир Жириновскидің осы жерде жерленген туыстарының сүйегін алып кету рәсіміне қатыстық", - дейді қалалық салттық қызмет көрсететін мекеме директорының орынебасары Марат Смайылов.

Биыл Алматыдағы 300 гектарға созылған тағы бір қабірдің есігіне құлып салынады. Қаладағы зират-қорымдарда жер тапшы. Сондықтан заңгерлер жерлеу рәсімін реттейтін заңның қажеттігін алға тартады.

"Бізде жалпы көму, жерлеу ісі заңмен реттелмеген. Жергілікті атқару органдары талап ететін актілері шаш-етектен. Жерлеу рәсімінің құнын белгілеу керек. Құжаттарды жинауға марқұмның туысы екі күн жүгіреді. Сондықтан жерлеу рәсімі заңмен бекітілуі қажет", - дейді қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Жохар Өтебеков.

Қалада ай сайын үйінен безген 30 қаңғыбас жерленеді екен. Келешекте іздеушісі жоқ мәйіттер крематориде өртелуі мүмкін.

Ал Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы мәйітті кремациялауды қолдамайтынын білдірді. Өйткені пұтқа табынушылардан қалған дәстүрді ислам шариғатына жат деп санайды.

Негізінен мәйітті өртеу дәстүрі Жапония, Үндістан елдерінде ежелден бар. Ал қазақтың салт-дәстүрінде, ислам дінінде қайтыс болған адамның денесін өртеп жіберу болмаған.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан Малғажаров "Ол исламда шариғат бойынша адамды өртеуге тыйым салады. Оны жер қойнына шариғат бойынша тапсыру керек. Сондықтан ислам діні бойынша адамды өртеуге рұқсат жоқ", - деген түсініктеме берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/319105-kazakstan-mysylmandary-dini-baskarmasy-adamdy-orteuge-karsy-shykty/

pixel