Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда қос дөңгелекті көлікті ұрлайтындардың қатары көбейді

Опубликовано:

Алматыда қос дөңгелекті көлікті қолды қылатындардың қатары көбейді. Жыл басынан бері мұндай ұрлықтың 50-і тіркелген.

Сақшылар иелердің өздерін кіналап отыр. Өйткені тұрғындар көбіне алаңғасарлыққа салынып, қауіпсіздік шараларын сақтамайтын көрінеді.

Шайтан арба ұрыларынан ауызы күйгендердің бірі - Яков Попов. Қос дөңгелекті көлігін кіре берісте жарты сағатқа қаңтарған жігіт, орнын сипап қалыпты.

Яковтың айтуынша, велосипедін әккі ұрылар қолды қылған. Себебі, жуандығы бармақтай шынжырды құр қолмен үзу мүмкін емес. Оны тек темірге арналған қайшымен ғана кесуге болады. Ұрланған мүлкін құзырлы орындар таппаған. Сан соғып қалған Яков жаңадан велосипедін үйінің ішіне қоятын болыпты.

"Менің велосипедімді үйдің кіре берісінде тұрған жерінен ұрлап кетті. Оның құлпы жуан болатын, және мен соған да сеніп жүргем. Алайда, құлыптың жуан темірін кесіп алып кеткен. Полицияға хабарладым, алайда таба алмады. Содан бері велосипедімді үйдің ішіне кіргізіп қоятын болдым", - деді қала тұрғыны Яков Попов.

Велосипедтің қауіпсіздігі үшін мамандар бірнеше қауіпсіздік шарасын ұсынды. Оның біріншісі, жуандығы бармақтай кісендерді пайдалану. Бірақ кейіпкеріміздің жағдайын ескерсек, бұл да әккі ұрыларға кедергі болмайды.

Сол себептен құны велосипедтен жоғары болса да, дамыған елдердегідей GPS қондырғы орнатқан абзал.  Жергілікті сақшыларға бірден хабарласып, құрылғының көмегімен қос дөңгелекті көлігіңіздің қайда тұрғанын анықтауға болады.

"Мына құлыптарға сенуге болады. Алайда, қазіргі заманда қорғанысы жоғары деген құлыптың өзін ашу қиын емес. Көлік ұрлап, банкке түсіп жатқандардың жанында мына тұрған құлыптар түкке тұрмайды.

Дамыған елдерде велосипед үшін GPS құрылғысы пайдаланылады. Ол ұрланғаннан кейін қай жерде жүргенін көрсетіп отырады. Бірақ, бағасы да бірталай. Өкінішке орай, ондай құрылғы біздің елде жоқ", - деді маман Доржи Гусинков.

Алматыда соңғы жылдары велосипед ұрлаушылардың саны күрт артқан. Жыл басынан бері аталған ұрлықтың 50-ден аса фактісі тіркеліп, 40 пайызы табылған. Бұл өткен жылғы бес ай мен салыстырғанда бірнеше пайызға артық.

Осы мақсатта қала басшылығы "Қауіпсіз аула" бағдарламасы аясында аулаларға бейнебақылау орнатуда. Бұл велосипед ұрлығының санын азайтпақ. Себебі, велосипедтердің көбі аулада тұрған жерде қолды болатын көрінеді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, велосипед ұрлайтындардың көбі - жұмыссыздар. Мысалы, нақты бағасы 25 мың теңге тұратын қос дөңгелекті қолды қолған азамат базбіреуге 2-3 мың теңгеге сата салады.

Мамандардың айтуынша, велосипед ұрлығы арнайы топты немесе дайындықты талап етпейтіндіктен, ұрлықтың ең жеңіл түрі болып саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/319149-almatyda-kos-dongelekti-kolikti-yrlajtyndardyn-katary-kobejdi/

pixel