RU

Шымкентте тұрғын үй астындағы кәріз құбырлары қаланы шайып кетуі мүмкін

Шымкенттің келешекте шайынды суға бөгіп қалу қаупі бар. Қаланың қалдық сулары ағатын құбырға жауапты "Су арнасы" мекемесінің жауапты мамандары дабыл қағып отыр.

Жауаптылардың айтуынша, диаметрі бір метр келетін кәріз құбырлары тұрғын үйлердің астында қалды. Тыйым салынған аумақтан жер телімдері жеке құрылысқа қалай берілгенін анықтау - жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының шаруасы.

Су арнасының бағандары жерден кәріз құбырлары өткен деген белгіні білдіреді. Демек бұл жерден оң жақта 5 метр, сол жақтан 5 метр ешқандай құрылыс жүргізуге болмайды. Бірақ бұл талапты сақтап жатқандар аз.

Темірхан Бегімбетовтің қызметіндегі негізгі міндеті тұрғындарға ескерту жасау. Сол міндетіне кіріскен  маман үйлерді аралап, баспаналарының қауіпті аумаққа орналасқанын құлақтандырып жүр. Себебі кәріз құбыры күндердің күнінде жарылып кетуі бек мүмкін.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелердің қалдық суы ағатын жалғыз құбырды ескерткен инспектордың сөзін көп жағдайда үй иелері құлаққа да ілмейді.

"Ескерткен кезде халықтың көбі мен сатып алдым, сатып алғасын мен салам дейді. Ал заңдылықты түсіндірген кезде айқайласып кететін жағдайлар да болады. Олар бәрібір түсінбейді. Құдай сақтасын, бұл ештеңе қылмайды дейді", - дейді "Кәріз-су құбыры қызмет көрсету" ЖШС санитарлық аймақты қорғау инспекторы Темірхан Бегімбетов.

Өмірлік ештеңе жоқ. Күндердің күні оның бір жері жарылады. Ал сол кезде біздің адамдар келіп техникасын алып кеп, сол жерде ремонт жасау керек. Ол ремонт жасауға күннен күнге жету азайып жатыр.

Жуандығы 1 метр болатын құбыр "Самал-2", "Самал-3" және "Солтүстік Батыс" деп аталатын үш бірдей шағын ауданның астымен өтеді.

Мамандардың айтуынша, осы аралықтағы жер телімдерінің 70 пайызы жекенің меншігіне сатылып кеткен.

"Олар үйлерін салып алып, санитарлық қорғау аймағы талаптарын бұзып отыр. Бұл заңға қайшы. Атқарушы билік бүкіл құжаттарын рәсімдеп берген. Ия, олар құжат бойынша жер иесі. Бірақ бұл - заңсыз. Сондықтан біз сотқа талап-арыз түсірдік. 2006 жылдан бері біз 400 нысанды бұзуға жібердік. Тағы 226 нысан бұзылуы мүмкін", - дейді "Су ресурстары-маркетингі" ЖШС заң бөлімінің басшысы Кеңес Әлібаев. 

Мамандардың мәліметінше, түсіністікпен қарап, үйін әудем жерге салатындары бар. Бірақ алып құбыр көпшілігінің ауласында қоршауда қалып қойып жатыр.

Су арнасындағылар бүгінгі таңға құбырдың үсті мен жақын жерге салынып кеткен 12 құрылысты бұзу туралы сотқа арыз түсіріпті.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Нұржан Таштеновтың айтуынша, талапкер "Су ресурстары-маркетингі" ЖШС талап-арызы қанағаттандырылып, бүгінгі таңда жеті үйді заңсыз салынғанына байланысты, бұзу жайлы шешім қабылданып отыр. Және олар бұзылуға жатады. Ол құрылыс нормаларының талаптары бұзылуына байланысты.

Соттағылар бұл құрылыстардың ешбіріне өтемақы төленбейтінін ескертті. Алайда жерге жауапты басшылық әзірше қызыл сызық саналатын бұл аумақтардың жекенің меншігіне өтіп кеткенінен хабарсыз секілді. Олардың пайымынша, бұл учаскелер мемлекеттік заңдастыру кезінде құжаттандырылып кеткен болуы мүмкін. Заңдылығын анықтауға уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/319506-shymkentte-tyrgyn-yj-astyndagy-keriz-kybyrlary-kalany-shajyp-ketui-mymkin.html