RU

Имам суға шомылу кезінде ораза бұзылмауы мүмкін екенін айтты

Халық арасында "Ораза кезінде шаш пен тырнақты алуға, шомылуға бола ма?" деген сұрақ жиі қойылып жатады.

Осыған байланысты "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаевтың жауабын Bnews.kz ұсынады muslim.kz сайтына сілтеме жасап.

"Бір қағиданы есте сақтауымыз керек. Сырттан кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал іштен шықан нәрсе, ол дәретті бұзады. Сол үшін қан, тырнақ, шаш сияқты заттар бізден шыққан соң, оразаны бұзбайды", - дейді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб-имамы.

Имамның айтуынша, сырттан азық ретінде су немесе тамақ кірмеген соң, бұл оразаға кедергі келтірмейді. "Тазалық – иманның жартысы", - дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Әрқашанда Рамазан айында ораза ұстаған күндері күндіз де тазаланып, жуынуға болады.

Сондай-ақ, ораза ұстаған күндері моншаға түсуге, өзенге шомылуға бола ма деген сұрақ жиі қойылады. Бұл орайда, наиб-имам суға шомылу кезінде ораза бұзылмауы да мүмкін екендігін айтады. Алайда суға шомылу барысында оразаны бұзу қаупі болғандықтан, одан тартынуға шақырады.

"Хауызда, моншада, өзенде адам баласы суға шомылғанда дене суға шөліркеп тұрған кезде, бүкіл дене суды жұтып, ораза бұзылу қаупі болғандықтан ғалымдар одан мүмкіндігінше тартынуға шақырады. Алайда шайынып, жеңіл-желпі жуынға рұқсат беріледі. Ғалымдар хауызда, өзенде бастан-аяқ денемен суға кіруді құп санамайды", - дейді наиб-имам.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/319802-imam-suga-shomylu-kezinde-oraza-byzylmauy-mymkin-ekenin-ajtty.html