RU

Қазақстандық әншілер ораза ұстамауының себебін түсіндірді

Мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы басталды. Рамазан айы биыл маусымның 28 басталып шілденің 27 жұлдызына дейін созылады. Осы айда барша мұсылман бауырлар аузын бекітіп, Аллаға құлшылық етуде.

Биыл шілденің аптап ыстығына қарамай, Алладан ырызық тілеп сәждеге бас қойып, бір күн бойы нәр тартпай құлшылық еткендердің де қатары көп. Оның ішінде отандық әншілеріміз де бар. Сахнаның саңлағына айналған эстрада жұлдыздары Қасиетті Рамазан айында қандай амалдар жасайтынын Almaty.tv тілшісі анықтаған еді.

Талғат Жорабаев, әнші: Альхамдулиллах ораза тұттым. Биыл Аллаһтың разылығымен ауыз бекіткеніме 6 жыл болды. Рамазан оразасы дәл шілдеге келгендіктен кішкене қиындықтар туындауы мүмкін. Жаз кезінде шөл қысып, қиындықтар болса да, ораза кезінде Аллаһ Тағала өзі жәрдемін береді. Әзірге жеке басымда ешқандай қиындықтар кездеспеді. Сабырлық танытып, шыдамдылық білдірсек барлығына шыдауға болады.

Әлішер Каримов, әнші: Мен әрине мұсылман болғандықтан Аллахқа сенемін. Осы жылға дейін ораза ұстап келдім. Бірақ биыл ауыз бекітпедім. Себебі, мен үлкен байқауға қатысуды жоспарлап отырмын. Ол жерде таңның атысынан кештің батысына дейін дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бірақ Алланың бес парызының бірін өтеу мақсатында пітір-садақа міндетті түрде беремін.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова: Мен оразаны бір рет ұстағанмын. Ал биыл іс-сапармен жүргендіктен, ораза тұтпадым. Негізінен ауыз бекіткен дұрыс. Ағзаны тазартуда оң әсерін береді. Ораза ұстаған адамдарға сабыр тілеймін және олардың тілектері қабыл болуға тілектеспін.

Айқын Төлепберген, әнші: Соңғы 2 жылда ауыз бекітуге мүмкіншілігім болмады. Бұрын соңды 10 жыл оразаға ұстаған болатынмын. Былтыр, биыл жаз мезгіліне келгендіктен біршама қиындау. Сонымен қатар, күз, көктем мезгілдерін қарағанда жаз кезінде гастрольдік сапарлар көп болады. Бір жағынан сол сапарларға байланысты ауыз бекітпедім. Ораза ұстаған барша мұсылман бауырларға шыдамдылық тілеймін. Ораза айы Алладан келер жақсылықтың бастамасы. Алла елімізге осы айдың берекесін нәсіп етсін. Жұрт тыныш, ел аман, дініміз бүтін, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/319998-kazakstandyk-enshiler-oraza-ystamauynyn-sebebin-tysindirdi.html