RU

Қазақстан экспорттан жүз есе көп ет импорттайды

Қазақстан экспорттан жүз есе көп ет импорттайды деп хабарлайды Азаттық. 2013 жылы Қазақстан 1,6 мың тонна ет шетке сатып, 209,8 мың тонна ет сырттан алған.

Бұл жағдайда сарапшылар үкіметтің 2015 жылдан бастап Ресейге ет экспорттау жоспарына қатты күмән келтіреді.Ауылшаруашылығы министрлігінің Азаттық радиосына берген мәліметіне сүйенсек, 2013 жылы Қазақстан сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алған. Оның 170 мың тоннасына тең құс етінің 70 пайызы АҚШ-тан жеткізілген. Ал осы жылы импортталған 23 мың тонна сиыр еті Беларусьтен (30 пайыз), Ресей мен Австралиядан (15 пайыздан), Парагвай, Бразилия мен Польшадан (10 пайыздан) сатып алынған.

Былтыр шетелден алынған 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90 пайызы дерлік Австралиядан тасылған екен. Ал 5 мың тоннаға жуық жылқы етінің 35 пайызы Канададан, 22 пайызы Аргентинадан, 16 пайызы Уругвайдан, 4,5 пайызы Ресейден жеткізіледі екен. 2013 жылы Қазақстанның өзі сыртқа небәрі 1,6 мың тонна ет экспорттаған.Қазақ Ұлттық аграрлық университеті азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі және тағам қауіпсіздігі  кафедрасының жетекшісі Әсия Демеуханқызы – шетелден жаппай импортталып жатқан ет өнімдерінің сапасына сын көзімен қараушы мамандардың бірі."Ет Қазақстанға жердің түбінен келеді. Бірақ бағасы арзан. Неге десеңіз, олар көбінесе стратегиялық қордағы 10-20 жылға мұздатып, консерванттар қосып сақтайтын еттер.  Сол себепті де олардың сапасы өте нашар" дейді маман. Әсия Демеуханқызының пайымдауынша, мұндай импортталған сапасыз етті сатушылар шұжық өнімдері түрінде өткізуге тырысады.Азаттық тілшісі пікірлескен ауыл шаруашылығы мамандарының түгелі дерлік Қазақстандағы ет импортының күрт ұлғаюына соңғы 20 жыл ішінде мал шаруашылығының егістік сияқты негізгі салаға айналмауы, сол себепті елдегі мал басының қатты азайып кетуі әсер етті деп санайды.Мамандардың бұл пікірін ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген мәліметі растай түседі. 1990 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ірі қара малы 59 пайызға,  қой мен ешкі 49 пайызға, ал құс саны 57 пайызға кеміп кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/320117-kazakstan-eksporttan-zhyz-ese-kop-et-importtajdy.html