RU

Қарағандылық көріпкел Малайзия ұшағының қайда екенін білетінін мәлімдеді

Қарағандылық көріпкел-емші Жәкен қажы Рахымбекұлы 8 наурызда ғайыптан жоғалып кеткен Малайзияның Boeing-777 ұшағы қай жерде екенін білетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Наурыз айында малайзиялық ұшақтың жоғалып кеткенін естідім, 240-қа жуық адам болған. Олар қайда кетті? Әлі күнге дейін таба алмай отыр. Мен білемін, қай жерде екенін көрсете де аламын. Қазір барлық жерге барып, бұл туралы айтып жүрмін, СІМ-ге де хат жолдадым, бірақ маған сенбей отыр", - дейді көріпкел.

Жәкен қажы ұшақты Вьетнамнан іздеу керек дейді.

"Ұшақтың Вьетнамда екенін білемін, бірақ нақты қай жерде екенін мүдделі адамдарға ғана көрсетемін. Ұшақ Қытайға ұшып бара жатып, адасқан, оны қабылдамағандықтан қайта бұрылды, қай жерге қонарын білмеген. Сосын дүрбелең басталды. Қара жәшіктің үнсіз жатқаны әзірге құпия. Оны ешқандай құралдар анықтай алмайды. Қара жәшікті алып шыққанда не болғанын түсінеді", - дейді көріпкел.

Қажы бұған дейін де көптеген апаттар туралы дөп басып айтқан, алайда ешкім оған құлақ салмапты.

"Құлаған кезде ұшақ толық қираған жоқ. Ұйықтап жатқан манекенге ұқсайтын адамдарды көріп тұрмын", - дейді ол.

"1983 жылы Мәскеуде мені көріпкел ретінде мойындады. Лицензиям да бар. Апаттарды болжаймын, адамға қай жеріне ота жасалғанын, денесіндегі тыртықтарды айта аламын", - деді Жәкен қажы Рахымбекұлы.

Жәкен қажы 40 жылдан бері көріпкелдігімен танылып келеді, 170 қасиетті жерде болып, қажылыққа барған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/320523-karagandylyk-koripkel-malajziya-yshagynyn-kajda-ekenin-biletinin-melimdedi.html