RU

Мейрамбек Бесбаев Астанадағы жеке концерті қалай өтетінін жария етті

Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев көрермендердің одан аспаннан түсу, би немесе керемет шоудың орнына есті әндер, термелер мен күйлер күтетінін айтты.

Сондықтан, әнші елордалық концертіне барынша дайындалғанын "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында жеткізді, деп жазады lite.bnews.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 5 шілде күні Астанада әншінің "Құс қанат ғұмыр" атты жеке шығармашылық кеші өтеді.

"Ұстазым Алтынбек Қоразбаевсыз менен ештеңе шықпас еді. Өнерде бағымның жанғаны да сол кісінің арқасы. Бала кезімдегі армандарымның бәрі орындалды. Себебі, өз тілімде, өзіме ұнаған әнді орындай аламын. Өзіме жақын адамдармен жұмыс істей аламын. Сондықтан, өзімді бақытты өнерпаздар қатарына жатқызамын",-деді қазақстандық жұлдыз.

Ал жеке концерті турасында Мейрамбек: "Мен мемлекеттік дәрежедегі үлкен сахнада болған емеспін. Бұл концерт мен үшін ерекше. Себебі, ән кешімнің Астана күні қарсаңында, "Қазақстанның" үлкен сахнасында өтуі – мен үшін үлкен құрмет. Кешке бірқатар эстрада жұлдыздары қатысады. Сондай-ақ, менің кешімді Алтынбек ағасыз елестету қиын болар", - деді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/320528-mejrambek-besbaev-astanadagy-zheke-konczerti-kalaj-otetinin-zhariya-etti.html