RU

Атырауда қос қолынан айырылған баланың ата-анасы 15 млн талап етуде

Атырауда "Балықшы" қосалқы электр стансасында ток соққаннан кейін мүгедек болып қалған 10 жасар баланың ата-анасының "Атырау Жарық" АҚ-ына қатысты берген арызы сотта қаралды.

Бұрын хабарланғандай, қайғылы оқиға 19 сәуір күні орын алған. Балалар қосалқы станса аумағында ойнап жүрген кезде олардың бірін ток соғады. Нәтижесінде баланың сол жақ қолын түгелімен және оң жақ қолын шынтағына дейін кесіп тастауға тура келген, деп жазады Ақ Жайық.

"Талап арыз сомасы – 15 млн теңге. Бұл ақшалар бізге екі қолына әрбір екі жыл сайын протез алу үшін қажет. Өйткені бала өсіп келеді, протездің айналасын кеңейіп, оларды ауыстыру керек болады. Біз қозғалатын саусақтары бар протездерге тапсырыс бергіміз келеді", - дейді , - дейді Әділеттің анасы Жаңылсын Құспанова.

Травматологиялық бөлімшенің дәрігерлері балаға қажетті протездің Қазақстанда шығарылмайтынын айтты. Интернеттен қарап едік, лайықты протездер Израильде дайындалады. Ұлын протезге дайындау үшін тағы бір ота жасалады екен.

Баланың анасы хабарлағандай, ол баласымен ауруханада болғанда, екеуіне "Атырау Жарық" АҚ президенті Айвар Рахманов келіп, әйелге жүз мың теңге берген. Онымен бірген келген орынбасарлары да отбасына "мүмкіндігіне қарай" көмектесіп тұруға уәде берген.

Ал сотта "Атырау Жарық" заңгерлері кінәларын мойындамай, қосалқы станса ауласының қақпасы жабық болғанын, балақайлардың дуал арқылы кіргенін мәлімдеді.

"19 сәуірде облыстық балалар ауруханасына "электр зақымы, 4-деңгейдегі электр күйігі" деген диагнозбен 10 жастағы Әділет Құрманғалиев түсті. Сол күні ол екі досымен бірге №4 35/6 киловольт "Балықшы" қосалқы электр стансасының ашық тұрған аумағына кіріп, сол жерде Құрманғалиевты 35 киловольтты кернеудегі электр тогы соққан", - деп мәлімдеді Атырау қаласының прокуроры Нұрлан Қарашолақ. 

Қала прокуратурасы қайғылы оқиға болған кезде электр қосалқы стансасының қақпасы ашық тұрғанын көрген тұлғалардан түсініктеме алды. 25 сәуірде қалалық прокуратура "Атырау Жарық" АҚ қызметкерлерін тарту арқылы "Атырау Жарық" АҚ-на тиесілі электр қосалқы стансасына ішінара тексеру жүргізді.

Ол үшін бірінші кездескен нысан – Стройконторада орналасқан №3 35/6 киловольт "Фидерная" қосалқы электр стансасы таңдалды. Тексеру барысында қақпада құлыптар да, қандай болмасын басқа бекітуші құрылғылар да жоқ екендігі анықталды. Ал қақпа есігі жұмсақ алюминий сыммен байланған.

Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаментіне Электр стансалары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұйғарым жолданды.

Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 29 мамырдағы және 3 маусымдағы қаулысымен қайғылы жағдайға жол бергені үшін "Атырау Жарық" АҚ-на 200 айлық есептік көрсеткіш сомасында (370 400 теңге) айыппұл салынды.

Кейінгі тексерулер нәтижесінде МАЭС электр қосалқы стансасы қызметінің бастығы Т.Асановқа, қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер Е.Өтегеновке және жедел-көшпелі бригаданың электр монтеры Т.Горшковқа 25 АЕК-тен (46 300 теңге) айыппұлдар салынды. Келесі сот отырысы 21 шілдеде болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/320549-atyrauda-kos-kolynan-ajyrylgan-balanyn-ata-anasy-15-mln-talap-etude.html