RU

Елордалық азамат бүгін Астанадан Меккеге жаяу аттанады

Қажылыққа жаяу барған бабаларымыз жайында тарихтан білеміз. Ал қазіргідей өркениет дамыған заманда айшылық алыс жолдарға алты сағатта жетуге болады.

Сондықтан шығар, бабалар ізімен Пайғамбар шаһарына жаяу баруға келісе қоятындар жоқтың қасы. Алайда, қанымыздағы тектілік бойымыздан әлі жоғалмапты.

Елордалық Дулат Иманқажы бүгін - Астана күні "Нұр-Астана" орталық мешітінен Меккеге аттанбақ. Ол жеті мың шақырым қашықтықтағы мекенге дейін жүгіріп барып, кіші қажылығын өтеп келуге ниеттеніп отыр, деп жазады "Астана ақшамы".

Жұқалтаң сары өңді, жіңішке, орта бойлы Дулат ердің жасы - елуге таяған. Мамандығы - қаржыгер. 2006 жылдан бастап жүгіруді қолға алған.

"Сол тұста денсаулығым сыр беріп жүретін, үйленгеніме он жыл болса да перзентім жоқ еді. Спортқа келгеннен кейін жағдайым да түзелді, Томирис есімді қызым дүниеге келді. Қазір ол жеті жаста. Төрт жылдан бері Астана қаласындағы №56 мектеп-лицейде шаңғы үйірмесінің бапкерімін" дейді марафоншы.

Ең алғаш жүгіруін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамет Қонаевтың тоқсан бес жылдық мерейтойына арнапты.

"Қақаған қыста Алматыдан Бақанасқа дейін марафон жасадым. Қатты қиналсам да, межеге аман-есен жеттім", - деп ағынан жарылады ол.

Астана тойында басталатын Астана-Мекке-Астана марафонына үш айдай уақыт кететін көрінеді.

"Меккеге дейін жүгіру жолымды есептегенде, жеті мың шақырымға табаным тиеді екен, қайтуым - тағы жеті мың шақырым. Жол бойы Әзербайжан, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің топырақтарын басып өтеді екенмін. Әттең, жолымның жартысынан көбісі ыстыққа түсейін деп тұр. Құдай қуат берсін!" дейді Д.Иманқажы.

Марафон спортының тарихына үңілсек, жер бетіндегі ең мықты жүгірушілердің өзі он күннен артық жолда болмапты. Ал болашақ қажымыздың марафоны үш айға созылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/320676-elordalyk-azamat-bygin-astanadan-mekkege-zhayau-attanady.html