RU

Қадір түні мен Қыдыр түнінің айырмашылығы қандай?

Алда қасиетті Қадір түні келе жатыр. Кейбіреулер осы түні есіктердің барлығын ашып қойып, тостаққа ұн салу керек дегенді айтады.

Сонда сол түні құт қонған үйге Қыдыр ата келіп, ұнға Алла есімін жазып кетеді екен. Осы рас па? Жалпы Қадір түні мен Қыдыр түнінің айырмашылығы қандай? деген сауалға дін өкілдері түсінік берді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандарының айтуынша, қасиетті Қадір түнімен Қыдыр түнінің бір-бірімен мүлдем қатысы жоқ, екеуі екі басқа ұғымды білдіреді екен, деп жазады "Алаш айнасы" басылымы.

Қыдыр түні – бізге, яғни қазақ даласы мұсылман діні келмей тұрғандағы түсінік. Қазақтар Ұлыс күнді "жыл басы" санайды. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді "Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн" деп атаған.

Грегориан күнтізбесі бойынша, яғни біздің қазіргі қолданып жүрген, наурыздың 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті осы түн "Қыдыр түні" деп аталады. Әр үйге кіріп шығады деген түсінік бар, сондықтан бұл күні есікті ашып қойып отырған.

Ал Қадір түніне келетін болсақ, бұл ислам, яғни мұсылмандардың түсінігі бойынша Алла Тағаланың қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы сүрелері рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні түскен. (Қазір бізде шілде айына сәйкес келіп тұр, бірақ жыл сайын 13 күнге артқа жылжи береді).

Осы кештің қасиетті мың айдан артық делінген аят бар. Мұсылмандар бұл түнді ұйқысыз өткізіп, он сегіз мың ғаламды, барша адамзатты, бүкіл тіршілікті жаратушы жалғыз Алладан тілек тілеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде осы түнге шын иланып сұралған тілек қабыл болады делінген. Сондықтан бұл екі ұғымды шатастырмауымыз керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/321183-kadir-tyni-men-kydyr-tyninin-ajyrmashylygy-kandaj.html