RU

Қытай қызы қазақша білмейтін қандастарымызды ұялтты

Қытайдың "CCTV" мемлекеттік телеарнасының еліміздегі тілшісі Шин Рын қазақ тіліне судай, деп жазады jasqazaq.kz.

"Мен Құлжада туып-өстім. Құлжа - қазақтардың қаласы. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы анам: "Енді қазақ тілі де шет тілі. Сенің қазақша білуің керек", - деп мені Құлжа қалалық Қазақ бастауыш мектебіне оқуға берді", - дейді Қытай телеарналарының біріне сұхбат берген тілші қыз.

Шин Рынның қазақша үйренуі оңай болмаған. Әрине, өз тілі емес, оның үстіне, тілін сындыруға көмектесетін ата-анасы да қазақша білмейді.

"Қазақ тілін үйренуім қиын болды. 1-сыныпта әріптерді үйренгенде талай қызық оқиғаға кезіктім. Әріптің орнына сан жазған кездерім, сөйлем құрағанда жалғау мен жұрнақтан шатасып қинал­ған сәттерім көп кезікті", - дейді ол.

Шин Рынның қазақшасына қарап оны қазақ қызы деп қалатындар көп екен. Астана мен Алматы қалаларында журналистік қызметпен жүрген ханзу қызы қазақ елінен талай қызықты репортаж жасаған.

Арқаның ақ бораны мен Алматының шуақты жазы Шин Рыннің сюжетімен көршіге тікелей тарап жатты.

"Астана күн сайын дамып жатқан қала. Алматы - әлемдегі ең көркем қала. Мен қазақ тілін меңгеріп осы елде, осы әсем қалаларда жұмыс істегеніме мақтанамын. Оның үстіне қазақ деген дарқан халық қой. Қазақтың мінезі даласы сияқты кең, мол. Мені қазақтың жері, елі тартты. Қазір бұл елден кете алмайтын сияқтымын", - дейді хан қызы.

Шин Рынның бойында қазақтың мінезі бар, оны Бейжіңдегі режиссерлері айтыпты. "Астанадан тікелей эфир жүргізіп тұрғам. Режиссерім: "Сен бойыңды жинақы ұста", - деп ескертті. Өйткені, Қытайда тележурналистика деген зауыт машинасы сияқты, бір тоқтамай жүріп тұрады. Тілшілері де тас-түйін. Ал мен мұнда тікелей эфирді жүргізгенде сондай еркін, асықпай жүргізгем. Сол сәттегі бейнемнен Қазақстанда, қазақтардың арасында тұрғанымды байқау қиын емес еді", - дейді тілші қыз.

Шин Рыннің қазақшасына қарап, ана тілін білмейтін қаракөз қыздарға, жиырма жылдан бері қазақ тілін үйрене алмай жүрген отандастарымызға жаны ашиды екен.

Миллиардтардың елінен келіп, қазақша сайрап, қазақтың салт-дәстүрін, елі мен жерін, саясатын шығыстағы көршіге көрсетіп жүрген мұндай хан қызынан қалай айналмайсың! Шіркін, осы тілші қыздың қазақ тіліне деген құрметі, махаббаты ана тілін білмейтін қаракөз бауырларымыз бен қыздарымызға сабақ болса ғой. Әттең, бұл да Шераға айтатын "Бір кем дүние" ғой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/322097-kytaj-kyzy-kazaksha-bilmejtin-kandastarymyzdy-yyaltty.html