RU

Атырауда масалар үй қоянын шағып өлтірді

Осы жазда бұрын-соңды болмаған масалар атыраулықтар мен қала меймандарын біраз әбігерге салып отыр.

Атырауда ел аузында Сасықсай деп аталатын булану алаңы бар. Ол жер масалардың басты ошағына айналған деп жазады "Ақ жайық" басылымы.

"Бұл жерде, негізінен, масалардың ірі қалалық "culex pipiens" деген түрі мекендеп көбейеді. Ең қорқыныштысы бұл емес. Кеше Еркінқалаға барғанмын, сол жерде масаның шағуынан үй қояндары өліп қалған. Дамбы, Ракуш, Курилкин тұрғындарының да берекесі қашқан. Ол жерде масаның көптігі сондай, қара бұлт сияқты қаптайды", - дейді энтомолог Назгүл Меңдіғазиева.

Оның айтуынша, бұл масаның табиғи (теңіз) "aedes caspius" деген түрі. Ол тек күн батқаннан кейін ғана емес, күні бойына адамдардың мазасын кетіреді екен. Масалар 7-12 шақырым жерге дейін ұшуға қабілетті.

"Биыл су тасқынынан көп жерге су жайылып кеткен. Сол жерлерде масалар көбеюде. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оларды елді мекендерге қарай қуып апарады, олар Атырауға да қаптап келеді", - деп жалғастырды сөзін энтомолог.

Биылғы жылы Атырау облысында масалармен күрес жұмыстарын жүргізу тендерін "AG disinfection services" ЖШС жеңіп алған еді. ЖШС директоры Жұман Сатыбалдиевтың айтуына қарағанда, Сасықсай периметрі бойынша масалардың көбею ошағы әрдайым инсектицидпен уланады.

"Бұл жер 24 шақырым. Бір улағанда бұл жерге екі тонна у шашамыз. Препарат сумен таралады және дернәсілдер мен ересек масаларға әсер ететін болады", - деп түсіндірді Сатыбалдиев.

"AG disinfection services" ЖШС масалар үшін улы тұман шашатын екі жел генераторымен, термогенератормен, қолмен қосылатын түтін генераторларымен, ресейлік, голландтық және неміс өндірісінің препараттарымен жабдықталған.

Сатыбалдиевтің айтуынша, мамандар үшін жұмыс жоспары тек облыс орталығының аумағымен ғана шектелген, тиісінше, қаржы тек қалаға ғана бөлінді. Ал, биыл масалар, көбінесе, теңіз жақтан келеді. Бүгінде аумақты өңдеу кестесінен ауытқып, айына бір рет улаудың орнына күн сайын улауға шығып жүр.

Алайда, кезекті теңіз желі табиғи масаның жаңа тобын өзімен бірге ала келеді. Улауға қаржы бөлінбеген қала маңындағы селолардың тұрғындарына оңай тиіп жатқан жоқ, тиісінше, оларға дезинсекциялау жұмыстары жүргізілмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/322304-atyrauda-masalar-yj-koyanyn-shagyp-oltirdi.html