RU

40 ит асырап алған шымкенттік әйел көршілерінің ашу-ызасын тудырды

Шымкенттік Александра Серебренникова үйінде 40 ит асырап отыр. Асыл тұқымды күшіктер ұстайтын Александра өзінің бұл қылығын әбес санамайды. Ал көршілері болса, мұнымен келіспей отыр деп хабарлайды 7 арна.

Керісінше, табысы мол бизнес көзі деп есептейді. Оның үстіне олардың ортасында өзін керемет сезінеді екен.

Александраның ауласында 22 үлкен ит пен 18 күшік өсіп келеді. Александраның айтуынша, олардың саны кейде елуден асып жығылады екен. Бір қызығы барлығы да шетелдік асыл тұқымдылар.

"Бастапқыда ағы, қарасы ұнады. Сосын жаймендеп әкеле бастадым. Мынау ағы шведтің иті Франциядан арнайы әкелдім. Ал мынау немістің қара күшіктері Украинадан келген. Бұдан бөлек Чехиядан, Германиядан әкелінген иттер бар", - дейді Александра Серебренникова.

Овчарка, лабрадор, дог және моп. Бұлардың барлығы әлі күшік болғанымен біршама жетістіктерге жеткен. Иесі "әрқайсысының қанжығасында кем дегенде бір жүлде бар" деп оларды мақтан тұтады.

Бірақ мұндағы әр иттің бағасы мұнымен өлшенбейді. Мұның арасында қымбат бағалы иттерден бөлек, көшеден тауып алған күшіктер де бар.

Ал оларды тамақтандыру үшін күніне 80 келі ет өнімі жұмсалады екен. Одан бөлек, қап-қап құрғақ жемтік берілетін көрінеді."Егер иттің саны бұдан көп болса бір қап жемтіктің өзі жетпей қалады. Ал күн сайын олардың әрқайсысы кем дегенде бір кастрюль тамақ жейді", - дейді Александраның қызы Ксения.

Ал көршілері болса бұлардың төрт аяқтыларға деген қызығушылығы мен махаббатын түсінбейді. Сасық иіс қолқаны алып, иттердің үрген даусы тыныштығымызды бұзды деп шағымдануда.

"Өткен жылы жергілікті әкімшіліктің өкілдерін, аймақтық полицейді шақырдық. Оларға көршілер болып, шағымымызды жеткіздік. Ол кезде мыналар иттерге арнайы екпе жасады. Сондықтан шәуілдеген бірде бір дауыс шықпады. Ал мына сасық иіс неге екені белгісіз бізден басқа ешкімді алаңдатпайды", - дейді көршісі Раиса Халикова.

Ал Александра болса, көршілерім иттерді арнайы орынға жіберіп, көздерін құртпақ деп өкпелі. Бірақ ол үшін ешкімге ренішінің жоқ екендігін айтуда. Тек олар төрт аяқты достарының қасында кем дегенде 5 минутын өткізсе шешімдерін өзгертетіндігіне сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/322755-40-it-asyrap-algan-shymkenttik-ejel-korshilerinin-ashu-yzasyn-tudyrdy.html