RU

Бүгін мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады.

Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: "Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: "Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік" - деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: "Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Рамазан айты". (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235).

Айттың мән-мағынасына келсек, Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке", "мейрам" деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талады.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу", - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қал­дырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды", - деп өсиет еткен.

Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ер­терек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт нама­зы­на хош иісті болып бару - Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді.

Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Се­бебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қан­дай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: "Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді", - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін сүннет.

Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеровпен кездесуінде еліміздің барша мұсылман қауымын алда келе жатқан Ораза айт мейрамымен құттықтаған болатын.

Ислам адамзат баласын татулыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа үндейді. Осынау биік құндылықтар тек мұсылман қауымын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын да ұйыстыра түседі. Сондықтан Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттыратын мереке болып саналады

"Бұл мейрам әлемнің барша мұсылмандары рухани тазаруға ұмтылатын Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Осы кезеңде қайырымды істер атқарып, біздің көмегіміз бен жанашырлығымызға зәру жандарға қамқорлық көрсетуге деген ізгі ниет пен ықылас арта түседі", - делінген құттықтауда.

"Ислам адамзат баласын татулыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа үндейді. Осынау биік құндылықтар тек мұсылман қауымын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын да ұйыстыра түседі. Сондықтан Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттыратын мереке болып саналады", - деп атап көрсеткен елбасы.

Президент барша қазақстандықтарды осы дәстүрлерді барынша нығайтып, жасампаз құндылықтарымызды әрдайым қастерлеуге шақырды.

"Қасиетті Ораза айт халқымызға рухани серпіліс, шаңырақтарыңызға бақ-береке әкелсін!", - деп тіледі Назарбаев.

Мұсылман қауымның осы ұлық мерекесі - ораза айт мейрамының басталуына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да барша жамағатқа құттықтау жолдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/323679-bygin-mysylman-kauymy-yshin-en-kasietti-sanalatyn-eki-ylyk-merekenin-biri-oraza-ajt-mejramy.html