RU

Меккеге жаяу шыққан марафоншы Атырауға жетті

Астанадан жолға шығып, Меккені бетке алған Дулат Иманқажы Атырауға табан тіреді, деп хабарлайды kazakh-tv.kz.

Қазақ елордасынан жеті мың шақырым қашықтықтағы Меккеге дейін жүгіріп барып, кіші қажылығын өтеп келуге ниеттенген азаматтың аптап ыстыққа қарамастан, аяқ алысы тәуір. Тынбастан жүгіріп келе жатқанына 20 тәулік болды. Жалпы, "Астана-Мекке" бейбітшілік марафонына үш айдай уақыт кетеді екен.

Айта кету керек, марафон спортының тарихында жер бетіндегі ең мықты дегендердің өзі он күннен артық жолда болмаған. Сондықтан, Дулат Иманғалидың бастамасы нағыз ерлік ретінде тіркелмек. Күніне жүз шақырымға дейін жүгіретін Дулат Иманқажы сапарын Маңғыстау облысына қарай бұрды.

Одан ары Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан елінің шекарасына өтеді. Қазақтың желаяғы шамамен қыркүйек айының он бесінде Меккеге жетуді жоспарлап отыр.

"Енді Ақтауға барып, ары қарай Баку Әзірбайжаннан кейін Ираннан Кувейт одан кейін Сауд Арабиясы. Танымайтын жер болғасын бір жағынан жүрексінесің, бірақ енді өз ниетім жетемін деп ойлаймын. Өйткені, бір Аллаға сенемін бірінші, өзіме сенемін одан кейін", - дейді марафоншы Дулат Иманқажы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/323758-mekkege-zhayau-shykkan-marafonshy-atyrauga-zhetti.html