RU

Ит асыраған адамның өмірі ұзақ болады

Швеция ғалымдары ит асырайтын адамдардың денсаулығына зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесі бойынша ит адамға тек жақсы көңіл күй мен қуаныш сыйлап қана қоймай, оның қартаюын 10 шақты жылға шегереді екен деп хабарлайды Baq.kz.

Зерттеулерге 547 адам қатыстырылған. Олардың барлығына белсенділіктері туралы ақпараттарды іріктеп отыратын акселерометр атты құрылғы тағылған. Нәтижесінде белгілі болғандай, иті бар адамдар өздерінен 10 жас кіші адамдармен бірдей қимыл-қозғалыс жасайтын болып шыққан.

Сонымен қатар, оларда стресс, депрессия, қобалжу, шаршау деген сияқты адам денсаулығына кері әсерін тигізетін сезімдер де анағұрлым аз болған. Мамандардың пікірінше, үй хайуанатымен жақын қарым-қатынаста болу адамның бұлшықеттерінің жұмысын да жақсартады. Сондай-ақ, өмірінің бекер өтіп жатпағанына деген сенімін де күшейтеді.

Және де кез келген тұқымды ит асырау басқа адамдармен көптеп араласуға және психикалық қиындықтарды оңай жеңуге көмектеседі. Жоғарыда аталған барлық факторлар адамның денсаулығына да, көңіл күйіне де оң әсер береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/323844-it-asyragan-adamnyn-omiri-yzak-bolady.html