Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы "қайыр сұрау бизнесінің" иелері кімдер? (фото)

Опубликовано:

Жасы алпысқа келген Виктор Шевцов Алматы базарларының бірінде алақан жайып, ақша табады. Айтуынша бұл кәсіппен айналысып жүргеніне үш жыл болған деп жазады NUR.KZ тілшісі. 

Қыста суыққа қарамай, көктемнің көлдеген шалшығын кезіп, жаздың аптаған ыстығында шаң жұтып, демалыссыз таңғы жетіден, кешкі жетіге дейін халықтан көмек сұраумен айналысады. Тапқан ақшасын, тиынын тықпай, өзіне үйін паналатып, тамағын беріп отырған кісілерге ұстатады. Сөз арасында шаршап жүргенін, сол кісілердің рұқсатынсыз демалыс та ала алмайтынын айтып көңілі түсті.

Қала берді "көмекшілері", қарттар үйіне барамын деген тілегіне бірнеше рет жекіп жауап беріпті. Тіпті, базар ішіндегі саудагерлермен де сөйлеспеуді талап етеді екен.  

Жас кезінде отбасын құруға  алдымен жағдайы, қалаберді, ынтам болмады дейді қария. Талдықорған қаласының тумасы, өзі өскен үйде бүгінде жалғыз туған ағасы Александрдың отбасымен бақытты өмір сүріп жатқанын айтады.

Виктор Шевцов шіркеуде қызмет етіп жүрген шағында биіктен құлап, аяғын сындырып алған. Сол қайғылы оқиғадан кейін көп ұзамай дәрігерлер Виктордың бір аяғын санынан кесіп тастауға мәжбүр болған.

Міне осыдан бастап, қарияның  айтуынша, туған ағасы мүгедек інісіне қараудан бас тартыпты. Бауыры оған құжаттарын бермей, зейнетақысын өзі алып отырады екен.

                                  Виктор қария бір кісінің қарауында. Базар ішінде бірнеше кісі жұмыс істеп жүргенін айтты. Мысалы, мына суреттегі  аяғына резеңке байлап, тізерлеп көмек сұрап жүрген қарт кісімен бірге тұрады екен.

Алайда, қария Викторға жұртпен көп сөйлеспей, жұмысын істеуге кеңес беріп өтіп кетті. Ол кісі бізбен сөйлесуден бірден бас тартып, өзін суретке түсіруге де қарсы екенін айтты.

Базар саудагерлерінен Виктор Шевцов жайлы сұрағанымызда, көбі біраз уақыттан бері көз таныстығы барын айтты.  Сатушылардың біразы бұл кісіні әңгімеге тартып, көмек қолын созбақшы да болыпты.

Алайда, қарияның жағдайын жақсарта алмаған.

Өзін Ержан деп таныстырған саудагер қарияны қарттар үйіне жайғастыра алмағанына өкінеді. Айтуынша ол жақта кезекте тұрғандар көп болғандықтан бос орын табылмаған.

Қалаберді, тиісті құжаттар қолда жоқ. Сатушы Ержан Виктор Шевцовтың қартайғанда көрген қиындығы мен аянышты жағдайына жүрегі ауратынын айтады. Қарт кісінің жағдайы жайлы бір кесірі тиіп кетпесін деп, камераға емес диктофонға сұхбат бере алатынын айтты.

Кешкі сағат алтыдан асқан шақ. Қария жан-жағында сатылып жатқан дүниелерді тамашалап, базардан қайтар уақытты тосып отыр.

Базар ішіндегі жол жиегіне шығып, өзін алып кететін кісіні күтуде.

Виктор Шевцов базар ішіндегі әңгіме кезінде, өзіне түрік азаматтары қарайтынын айтқан болатын. Ерлі-зайыпты  Тимур, Роза есімді кісілер өзі сияқты жарымжандарды базарға жеткізіп, қайта әкетеді деген еді. 

Кешкі жетілер шамасында қария тұрған жерге, ескілеу көлікпен түркі нәсілді ер кісі келді. Алдымен тілшілермен  сөйлесуден бас тартып, камераға қол сермеді. Содан кейін, тек жүргізуші екенін айтты. Артынша, бүгін бірінші күн  жалданып отырмын деді.

Болмаған соң, тілшілерді балағаттап, мүгедек кісілерді асыға отырғызып тайып тұрды.

Соңында Виктор ақсақалдың көліктің артқы орындығында сасқалақтап, үнсіз дірілдеп, өзіне қойған сұраққа жауап бере алмай, көзі сулана жаутаңдаған шарасыз бейнесін ғана көрдік...

Әуесқой түсірілім

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/324110-almatydagy-kajyr-syrau-biznesinin-ieleri-kimder-foto/

pixel