RU

Басар тауы, барар жері қалмаған "Құл базарының" жұмысшылары (фото)

"Алтын орда" базары Алматыдағы жалдамалы жұмысшылардың орталығына айналғалы қашан. Екі қолға бір күрек іздеген азаматтардың дені осында.

Бұдан бөлек, қала көшелерінің бірнеше қиылысы, халыққа жұмыс іздеушілер тұратын орынға айналғанымен таныс. Ел ішінде "Құл базары" атанып кеткен орталық жұмысшыларының өз тәртібі, өз заңдары бар деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Өзін Жанат деп таныстырған, қырықтан асқан мына ана "Құл базарының" тұрақты жалдамалысына айналғалы біраз   болған. Айтуынша бес перзенті бар. Жұбайы өздері тұратын Бақанас ауылындағы әкімдікте күзетші болып жұмыс істейді.

Алатын айлығы жиырма бес мың. Жанат жазғы демалыста балаларымен Алматыдағы туысының үйін пана етуде. Бес перзенттің алды тоғызыншы сыныпты аяқтаған.  Оның төртеуіне мектеп құралдарын түгендеп беру мақсатында Жанат апай жаз бойы осында жүріпті. Базарда сатушы немесе басқа жұмысқа орналасайын десе, сегіз жасар Аяулымы науқас.

Бүлдіршінге алты айлығында тума ісігіне ота жасалып, дәрігерлер қыздың оң көзін алуға мәжбүр болады. Жанаттың айтуынша қызына алты айда бір рет протезді жаңартып тұру қажет. Аяулымның науқасына мемлекеттен жиырма үш мың көмекақы және қараушы есебінде анасына жиырма бір мың теңге төленеді екен.

Алайда ол ақша өзге балалардың киімі мен тамағына, одан қалды Аяулымның дәрі-дәрмегіне, жылына екі рет алпыс мың теңге тұратын протезіне жетпейтінін айтады. Ал, "құл базарында" өзіме-өзім қожа деген Жанат, біреудің үйін жинап, басқаның егістігінде еңбек етіп, кейде тиынсыз, кейде бес мыңға дейін тауып қайтады екен.

Жанат: "Қара жұмыстан қашпаймын, намыс көрмеймін, тек қыз баланың болашағына алаңдаймын", - деп көзіне жас алды.

Бұл - сегіз жастағы Аяулым Ақан. Анасының айтуынша  қыздың өз көзіне қарағанда, жасанды жағы үлкендеу, көз астындағы терісін күннен-күнге салбыратып, жасауратып тұрады.

Дәрігерлер бұдан басқа таңдаудың жоқтығын айтып, болашақта терісін тарттыруға болады деп кеңес айтқан.

Алмына Ләйла есімді келіншек - бір баласының жалғыз асыраушысы. Жас кезінде жоғары оқу орнына түсіп, тастап кеткеніне қатты өкінеді. Алдағы уақытта бұл қателігін балам қайталамаса екен деп тілейді.

Ұлы осы жылы бірінші сыныпқа қадам баспақ. Жаз бойы жиған ақшасына,соның киімі мен құралдарын реттеймын деп отыр. Алматы облысының тумасы "Құл базарда" жалданатынын намыс көрмейді. "Маңдай тер, адал еңбегім, ұрлық жасап, қайыр сұрап отырған жоқпын", - дейді.       

Аяулымға қол ұшын созып, көмектесемін деушілер болса, NUR.KZ интернет-порталының редакциясына хабарласа алады.

Алтын орда базары жанындағы "құл базарының" тұрақты жұмысшылары, жергілікті тәртіп сақшыларының жұмысына наразы. Айтуларынша, құжаттары заңды бола тұра, жұмыс істегендері үшін өздеріне ақы төлеуге тиіссіндер дейді екен.  Өйтпеген жағдайда жол жиегіне тоқтаған жұмыс берушімен сөйлестірмей, кедергі жасап отырады.

Өзін Шахадат Әлиева деп таныстырған егде жастағы "Құл базарының" жұмысшысы біраз уақыт бұрын жұмысқа таласып, осы маңда соққыға жығылған. Ол жайында медициналық сараптаманың берген анықтама дәлелі де бар екен.

Шахадат өзін соққан Қарақалпақстан азаматы осы маңайда жұмысын жалғастырып жүрегенін айтады. Жасы үлкен кісінің көңілін түсіретіні, жергілікті полицей қызметкерлерінің айыптыны ұстамауы. Арызын жазған, күдікті тайраңдап жүр, "тәртіп сақшысы көрсе де, көрмегенсиді", - деп  мұңаяды.

"Құл базарында" жалданушылардың дені  барар жер, басар тауы қалмаған, тұрмыс тауқыметін тартқан шарасыз жандар. Мұнда қыз баласына, анаға деген құрмет аз.

Айналада жүргеннің көбі нанын жеу үшін өзгені соның ішінде, "құл базарының" жұмысшыларына дөрекі сөйлеп, тіпті қол жұмсауы да қалыпты жағдай.

Сырттан бақылағандар да  ажыратып, басу айтып, тыныштандыруды тіпті ойламайдыда...

Жалдамалы жұмысшылардың сырттан қарағандағы көрінісі... Жұмыс іздегендердің арасында жиырмаға енді толған жас қыздар мен сүйегі қатпаған балаларды көп кездестіруге болады.

Жастар жұмыс берушілермен келісу үстінде.

Мына алаңда басқа күндері ине шаншыр жер болмайды. Бүгін жергілікті тәртіп сақшылары шетелден келгендер мен қалалық тіркеуі жоқтарды ұстап әкетуде.

Полицейлер, сол жердегілердің айтуынша "Құл базарының" жұмысшыларын тани қалса, тіпті, аялдамаға тұрғызбай, қоқыс алаңына айналған жерді ластадың деп айыппұл салады екен.

Ең қызығы, бұл маңайда бірде бір қоқыс жәшігі қойылмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/324879-basar-tauy-barar-zheri-kalmagan-kyl-bazarynyn-zhymysshylary-foto.html