RU

Меккеге аттандыратын туркомпания вирустан қорықпауға шақырады

Биыл Қасиетті Қағбаға тәу ету мақсатымен ел аумағынан 5000 адам аттанады деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Солардың бірі 75 жастағы Жеміс әжей өмірінде бірінше рет қасиетті өлкеге бет түзеп барады. Ол жақтағы аптап ыстық пен түрлі дерт атаулары оны сескендіретін емес."Биыл Әкбар деп аталатын қажылыққа аттанғалы отырмын. Әрине толқыныс үстіндемін. Бұл әр мұсылманның парызы. Ешқандай ауыртпашылықтан қашпаймын, виурстар дей ме, оны да бара көреміз. Ең бастысы ешнәрседен қорықпау керек. Қасиетті қаланың топырағына жетсем арманым жоқ", - дейді қажылыққа аттанушы Жеміс Шоқашова.

Биылғы жылы Меккеге қажылыққа бару сапары 27 кыркүйек пен 16 қазан аралығында жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, әрбір жолаушының міндетті түрде минингиттен қорғайтын екпе салдыртқаны жөнінде анықтама қағазы болуы керек. Онсыз халықаралық әуежайдағы кедендік бақылаудан өте алмайды.

Әрбір жолаушының міндетті түрде минингиттен қорғайтын екпе салдыртқаны жөнінде анықтама қағазы болуы керек.

"Біздің компания тұтынушыға міндетті түрде ескертпе жасап отырады. Сауд Арабиясына ғана қажылыққа апаратын компания болғаннан кейін біз барлық талаптарды бұлжытпай орындаймыз. Қазірдің өзінде 200 ден астам адам жолдамаға қол жеткізіп отыр. Меккке қаласындағы вирустардың таралуы жөнінде айтар болсақ, қажылық кезінде жаратқанның өзі мұсылманды сақтайды. Қажылықтан өтуге еш қорықпаңыздар", - деді "Нұр-Қазақстан" қажылық компаниясының президенті Амангелді Әбдіхалық.

Еске сала кетсек, еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жұқпалы вирустар Мекке қаласының маңында ерекше белсенділік танытып жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Ол ел азаматтарына қажылыққа барудан қазірше бас тартуға кеңес берді.

Бір өкініштісі, короновирусқа қарсы әлемде бір де бір вакцинация ойлап табылмаған екен.

"Бізде дәл қазіргі таңда екі бірдей қабылдау кабинеттері тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Ол менингиттен алдын алу екпелері мен тұмау вирусына қорғайтын уколдар. Сондай-ақ, біз әрбір қажылыққа аттанушылардың денсаулығын алдын ала мұқият тексерсіп аламыз. Себебі, өзіңіз білесіздер кез келген ағза вакцинацияларды көтере бермеуі мүмкін", - деді Алматы қалаласы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің эпидемиология бөлімінің жетекшісі Ольга Ассаева.

Қазіргі таңда короновируспен дерттенгендердің саны Сауд Арабиясында 400-ден асып жығылса, Кувейт пен Катар елдерінде де осы індет тіркелген екен. Ал әлем бойынша қатерлі вирусты жұқтырып алғандардың саны 700 адамға жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/325163-mekkege-attandyratyn-turkompaniya-virustan-korykpauga-shakyrady.html