RU

Президент Павлодар облысында "Ақ бұлақ" бағдарламасының орындалуын сынға алды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары жалғасты. Президент осы өңірдің іскерлерімен және кәсіпорын басшыларымен кездесіп, жергілікті билікке түйіні тарқалмай жүрген бірнеше мәселені уақыт оздырмай шешуді тапсырды.

Елбасы алдымен Павлодар мұнай өңдеу зауытына ат басын тіреді. Содан кейін осы салаға арнап тұтас құбыр шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда Президент іскер жандарға ерінбей орта және шағын бизнесті дамыту керектігін тілге тиек етті деп хабарлайды КТК.

Бұл өңірдің өзін-өзі азық түлікпен қамту жағы сын көтермейді. Ресейден ет таси бергенше, өзіміздің мал шаруашылығымызды дамыту керек деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыстың экологиясы да өңірдегі алпауыт кәсіпорындардың кесірінен бұзыла бастаған.

Ал халықты таза сумен қамтамасыз ететін "Ақ бұлақ" бағдарламасының орындалу барысы Елбасының көңілінен шыққан жоқ.

"Біз "Ақ бұлақ" бағдарламасына қыруар қаржы бөлеміз. Ал бұл өңірдегі отызға жуық елді мекенде таза су жоқ. Мұнда өзен де, жер асты сулары да жеткілікті. Бар болғаны жағдайды бақылауда ұстау керек. Таза су халықтың денсаулығының кепілі екендігін ұмытпаған жөн", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/325601-prezident-pavlodar-oblysynda-ak-bylak-bagdarlamasynyn-oryndaluyn-synga-aldy.html