RU

Қарағандыда пойызда бұзақылар отбасын сәбиімен қоса сабап, өлтіре жаздады

"Қарағанды – Астана" бағытында жүретін электр пойызында бұзақы қыздар жолаушыларды төбелеп, кәмелет жасына толмаған азаматшаның қолын сындырған. Араша түскен күйеуі бандиттердің қолынан қаза таба жаздады.

Ал 4 айлық сәбиді жолаушылар әупірімдеп жүріп, әрең аман алып қалған. Бұл туралы электр пойызындағы оқиғаны өз көзімен көрген Астана қаласының Гүлмира есімді тұрғыны айтып берді, деп хабарлайды Bnews.kz "Новый Вестник" басылымына сілтеме жасап.

Астана темір жол вокзалынан 4 айлық сәбиін көтерген ерлі-зайыптылар пойызға мінген, олардың жанында 14-15 жас шамасындағы туыс қарындасы болды. Жол бойы ауыздарынан ана сүті кетпеген жап-жас 5 қыз карта ойнап, онсыз да жылаған баланы жұбата алмай келе жатқан жастардың зықын алып бітті.

Өздігінен қоймайтынын білген қыздарға баланың әкесі тыныш отырыңдар деп ескертіп қойды. Алайда, қыздар тынышталудың орнына жігіттің өзіне дүрсе қоя берді. Онымен ерегісіп, пойызды бастарына көтерді. Біраз уақыттан кейін жолаушылар тынышталғандай болды.

Алайда, сәбидің анасы дәретханаға шыққанда қыздар оның артынан ілесіп бірге шықты. Дәретханадан шыға берген келіншекті бұзақылар ортаға алып, жабылып сабай бастады. Жолаушылар араша түспек болып қыздарға қарай атылды, алайда, бұзақылар есікті мықтап бекітіп қойғандықтан тамбурға шыға алмады. Мұны байқап қалған жәбірленушінің күйеуі әрең дегенде есікті ашып, әйелін қыздардың қолынан аман алып қалды.

Гүлмираның айтуынша, оқиға кезінде пойызда болған билет тексеруші қызметкерлер тынышталыңдар дегеннен асып ештеңе айтпаған, араша да түспеген.

Осакаровкада вагонға полицей кіріп, жолаушыларды тергей бастайды. Бұзақылар сонда да тынышталмаған. Төбелесті бастаған қыз біреулерге телефон соғып, оны пойызда жолаушылар ұрғанын айтып шағымдана бастапты.

Қарағандының Сұрыптау стансасына жеткенде вагонға бір топ бандит кірген.

"Түрлеріне қарап, қылмыскерлер екенін байқау қиын емес. Олар жігітті вагоннан алып шығып, төбелей бастады. Амалы құрыған жігіт жан сауғалап, пойыздың астына тығылды. Сол сәтте бандиттер сәбиді іздей бастады. Жолаушылардың бірі баланы алып, дәретханаға жасырынды. Мұндай сұмдықты өмірімде алғаш көруім. Қарағандыға жеткенде бандиттердің ісін қарауды полиция өз қолына алды", - дейді Астана тұрғыны.

Желілік ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жаңбырбаев болған жайдың барлығын растады. Қазір тараптар өзара келісімге келіп, бұл іс жабылды, дейді басқарма өкілі. Гүлмира жолаушылардың өміріне кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін екеніне және осы болған оқиғаның жылы жабылғанына наразы екендігін жеткізді.

"Біз электр пойызы қауіпсіз ғой деп, автобусқа әдейі отырған жоқ едік. Алайда, автобустан гөрі электр пойызы әлдеқайда қауіпті болып шықты. Жолаушылардың өміріне қауіп төнгенде оларды қорғайтындардың табылмағанына жаным күйзелді. Бандиттер мейлі атсын, мейлі шапсын ортаға түсер ешкім табылмайды екен мұндай жағдайда. Егер стансалардың бірінде полицейлер кірмегенде бандиттер байғұс ерлі-зайыптыларды сәбиімен қосып сол жерде мерт қылар еді", - дейді Гүлмира.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/325619-karagandyda-pojyzda-byzakylar-otbasyn-sebiimen-kosa-sabap-oltire-zhazdady.html