RU

Алғаш рет математика бойынша ең атақты Филдс сыйлығын әйел алды

Математика бойынша әлемдегі ең танымал Филдс сыйлығын 78 жылдық тарихында алғаш рет әйел адам еншіледі, деп жазады BBC News.

Бұл адамның есімі - Мириам Мирзахани. Иранда туған. 2008 жылдан бері Стэнфорд университетінде (АҚШ, Калифорния) сабақ береді. Профессор.

"Филдс" 4 жылда бір рет 40 жасқа дейінгі ғалымдарға берілетін математика ғылымының ең жоғарғы сыйлығы. Оның жүлдесі 15 мың Канада долларын құрайды (1 Канада доллары - 0,92 АҚШ долларына тең). Бұған дейін оны тек ер адамдар алып келген.

Жеңімпаз өзінің бұл жеңісі жас ғалым қыздарды қуаттандырып, ғылымға деген қызығушылығын арттыра түседі деп сенім артатынын айтты.

Айта кетейік, бұл сыйлық Халықаралық математика конгресінің VII президенті канадалық Джона Филдстің құрметіне оның есімімен аталады. Ол 1924 жылы Торонтода алғаш рет математиктерді алтын медальмен марапаттау туралы ұсыныс білдірген болатын.

Филдс сыйлығы математика саласында Нобель сыйлығымен пара-пар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/326487-algash-ret-matematika-bojynsha-en-atakty-filds-syjlygyn-ejel-aldy.html