RU

Алматы егіздердің қаласына айналуы мүмкін

Келешекте Алматы егіздердің қаласына айналуы мүмкін. Соңғы екі жылда шаһарда егіздер мен үшемдердің өмірге келуі жиілеген. Дәрігерлердің пікірінше, жүкті әйелдердің құрсағында екі, одан да көп шарананың пайда болуының себебі әрқалай.

Бибінұр Сәрсенбай сәбилері қимылдаса да, жыласа да қуанады. Ол құрсақ көтеру үшін 9 жыл табан тоздырып, емделді. Бақытқа кенелген ана аңсап жеткен нәрестелеріне ерекше есімдерді де таңдаған."Бірінші өмірге келген Аңсар, екінші Әнуар келді. Қазақта бар ғой өте көп күткен балаға Аңсар деп қояды, Әнуар да бақытты. Өмірі ұзақ болсын деп қойдық". - дейді егіздердің анасы.

Қалалық перинаталды орталықта жыл сайын 500-ден астам егіз және үшем өмірге келеді. Мамандар құрсағында екі немесе одан көп шарана біткен әйелдердің көпшілігі айы-күні толмай босанатынын айтады. Дәрігерлер шала туылған нәрестелерді медициналық қондырғылардың көмегімен ширатады.

"Кейінгі кездері әйелдер ересек жаста босанады, контрацептік таблеткалар қолданады. Әйелдер экстракорпоральді көмекке  жүгінеді.Сол себепті егіздер артылып келеді. Ол әйелдер осы жерде босанды, көмегімізді аяған жоқпыз", - дейді қалалық перинаталды орталықтың жүктілік патологиясы бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Ысқақова.

Мәдина Қуанышқызын дәрігерлер мерзімінен бұрын босандырды. Қос ұлын көргенде ананың көңілі босап кетті.

"Алдыңғы балам да отамен алынды ғой. Арасы үш жыл болуы керек. Ал мен 1 жас 10 айда көтеріп қойдым. Содан бірінші түсік жасайын деп ойладым. Егіз деп айтқан соң, Алла тағаланың несібесі ғой деп. Егіз екі жағымызда да бар", - дейді келіншек.Қалай десек те, Алматыда бала туу көрсеткішінің артқаны қуантады. Перзентханаларда күн сайын егіздер немесе үшемдер өмірге келеді. Биыл 23 мыңнан астам шаңырақ бесік тойын тойлаған. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/326532-almaty-egizderdin-kalasyna-ajnaluy-mymkin.html