RU

Үйлерінен шығарылған астаналықтар көлік шиналарынан құрылған баррикада жасады

Астанада бірнеше әйел аштық жариялап жатқан бұрынғы саяжай жеріндегі Алтын Червалиеваның үйін бүгін сүруге келгендердің арасында сот орындаушылары, жедел медициналық жәрдем қызметі, полиция мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бар.

Ол жерге арнайы техника да барған. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оқиға орнындағы жағдай шиеленісіп тұр. Бірнеше әйел үйдің алдына көлік шиналарынан құрылған баррикадаға бензин құйып, үйдің шатырына шығып алған.

Сот орындаушылары үйге жақындағанда аштық жариялаушыларды қолдап келген бұрынғы саяжайдың басқа тұрғындары шиналарға от қойған. Бірақ отты сол жерге келген өрт сөндірушілер бірден өшірді. Өрттен соң полиция үйдің маңында тұрған қартаң адамдардан басқа ерлер мен әйелдерді ұстап әкете бастады.

Азаматтық киімдегі бірнеше адам үйдің шатырына шығып, ондағы әйелдерді мәжбүрлеп жерге түсірді. Аштық жариялағандарды полиция алып кетті, сот орындаушылары Алтын Червалиеваның үйін бұзуға кірісті.

Үйлерін сүріп, жерлерін "мемлекет қажетіне" алуға қарсылық танытқан бұрынғы саяжай тұрғындарын ұстап әкетті.

Сот орындаушылары тұрғындарға жері "мемлекет қажетіне" деп танылған үйдің сүрілетіні туралы қаулыны оқып берген.

Қазір қала аумағына кіргізілген бұрынғы саяжайға үй салған бес әйел аштық акциясын 6 тамыз күні бастаған. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді және қала әкімдігінен үйлерді сүру туралы сотқа берген шағымын қайтарып алуды талап етеді.

Бірақ қала әкімдігі олардың талабын "заңсыз" деп, орындалмайтынын айтады. 14 тамыз күні наразылық шарасына қатысушылардың бірі - аяғы ауыр Сандуғаш Серікбаева аштық акциясын тоқтатқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/326757-yjlerinen-shygarylgan-astanalyktar-kolik-shinalarynan-kyrylgan-barrikada-zhasady.html