RU

Ақтөбе облысында азан даусын ести сала мешітке жүгіретін ит табылды

собака
Фото: Pixabay

Ақтөбе облысында азан даусын ести сала Алланың үйіне жүгіретін ит бар. Шалқар ауданы Тоғыз стансасының бастығы Алдажар Жаманқұлов оны бір жыл бұрын асыраған деп жазады qasym.kz сайты.

Төбетпен шатысы бар қайынқаптал екен, қазақы ит. Үйден алыс емес жерде, шамамен 200 метр қашықтықта мешіттен азан дауысы шыққан сайын, иті тыпырлап, қыңсылайтын болса керек. Бір қызығы ол аулада жүргенде де, көшеге шыққанда да өзге иттер секілді адамдарға қарап үрмейді екен. Момындығы сол, үйге бөгде кісі келсе де, қасына бұлғаңдап барғанымен, еш дыбыс шығармайтын көрінеді.

"Бастапқыда үйренісе алмадық. Далада сәкіде шай ішіп отырғанымызда, итіміз орнынан атып тұрады да мешітке қарай құстай ұшады. Рас, алғашында мән бермедік. Қарап отырсақ, тек азан уақытында ғана жүгіреді. Содан ауыл тұрғындары итіміздің мешіт маңын айналшықтап жүргенін айтып жүрді. Бақсақ, намаз уақытында ұлып дауыс шығарады. Жамағат намаз оқып болғанда, біздің ит те екі жаққа сәлем бергендей қимылдар жасайды. Ауыл имамымен нағашы-жиен болып әзілдесе беремін. Кейде көріп қалсам, менің итім сенің әріптесің болды ғой деп ойнап айтамын. Содан кейін “шынымен, намаз уақытында мұның да құлшылық етіп жүргені емес пе екен" деп ойланып қаламын", – дейді Тоғыз стансасының бастығы Алдажар Жаманқұлов.

Жалпы, ерекшелігі бар мұндай иттер туралы ғаламторда да жоқ емес екен. Форумдардың бірінда Жанат есімді интернет қолданушы осыдан үш жыл бұрын өзінің әуезді дыбыс шығаратын иті туралы жазыпты. Бұл әдеттен қалай артылса болады екен де сауалын қоса қойыпты.

Оған мамандар ит ағзасында да, адамдардыкіндей, дыбыс жиіліктеріне тәуелді жасуша аралық құбылыстар болатынын түсіндірген. Кез келген дін атаулы осы қасиеттерді пайдаланады-мыс. Сондықтан азан даусының да ит ағзасына, есту мүшелеріне әсер етуі әбден мүмкін деп жазады сарапшылар.

Ал youtube арнасында тіпті иттің де, арыстанның да, әтештің де азан шақырып, не “Аллах” атын айтып жатқаны туралы бейнероликтер бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/327524-aktobe-oblysynda-azan-dausyn-esti-sala-meshitke-zhygiretin-it-tabyldy.html