RU

Астананың 15 жылдығына тарту етілген Қажымұқан ескерткішін шаң басты

Шымкент қаласында осыдан бірнеше жыл бұрын күш атасы - Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналып жасалған үлкен ескерткіш тұрғын үйлердің бірінің ауласында шаң басып тұр. Палуанның атындағы қор мүсіншілерге мұны демеушілердің он бес миллионнан астам қаражатына салдырып, Астана қаласының 15 жылдығына тарту еткен көрінеді.

Алайда Елорда әкімдігі мәселенің дұрыс шешілетіндігі туралы жазбаша жауап қатқанымен, күні бүгінге дейін ескерткішті орнатуға әрекет етпей отырғанға ұқсайды.

Осыдан бір жыл бұрын телеарнамызда дала батыры, тұңғыш кәсіпқой палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналып жасалынған ескерткіш туралы мәселе көтерген болатынбыз. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнаған Қажымұқан бабамызға арналған ескерткіш күні бүгінге дейін Шымкентте шаң басып жатыр. Демеушілер күшімен тұрғызылған ескерткішке он бес миллион қаражат жұмсалған. "Бір аулада, кілең талдардың арасында шаң-шаң болып тұр. Елдің алғысын алып жүрген мына Тасмағамбетов Иманғали інімізге осы хабар жетпей жатыр ма деп күмәнданамын. Осы үлкен мүсінді Қажымұқанға арналған Астана қаласындағы көшеге немесе спорт ареналарына, спорт стадиондарының алдына қойса құба-құп болар еді", - дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы қордың төрағасы, тарихшы Сағынғали Әбубәкіров.

Мүсінді Астана қаласы әкімдігі құп алып, жазбаша жауап та қатқан. Ал мүсіншілер болса, сапасына қатысты кепілдік беріп отыр.

"Жалпы алғанда, мүсін ретінде алғанда біз ұялмаймыз. Біз оған жоғарғы дәрежеде болатындай күшімізді салдық. Себебі, Елордамызда, Астанада тұратын болғандықтан, әрине біз мүсінші ретінде, суретші ретінде деңгейімізді көрсете білдік. Себебі, біз одан ұялмаймыз. Сақталу жағынан да, әрі материалдық жағынан да біз кепілдік бере аламыз", - дейді мүсінші Әбдімүт Әліпахметов.

Соңғы технологиямен тұрғызылған мына мүсін Шымкенттегі үйлердің бірінің ауласында тұрғанына 2 жылдан асып кетіпті. Биіктігі үш жарым метр болатын ескерткішті Қажымұқан қоры Астананың 15 жылдығына тарту еткен көрінеді. Алайда, қала әкімдігі бұл бастаманы әлі қолдай қоймаған көрінеді.

Алып күш иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы теңдессіз өнерімен жер шарын аралады. 28 мемлекетте күресіп, 56 медаль олжалады.

Қазақтан шыққан жалғыз дала батырына арналған жаңа ескерткіш ескірмей жатып, Астана төрінен орын алып жатса, болашақ ұрпақ алдында игі іспен көрінген болар едік дейді қоғамдық қор өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/327682-astananyn-15-zhyldygyna-tartu-etilgen-kazhymykan-eskertkishin-shan-basty.html